СҚО-да су басқан ауылдарды құтқару бойынша республикалық оқу-жаттығу басталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 3-4 наурыз аралығында «Көктем – 2022» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтеді. Бүгін арнайы қызметтер Қызылжар ауданында дайындықтарын пысықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Көктем – 2022» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларының бірінші күні Қызылжар ауданында өтті. Бұл аудан көктемгі тасқын су зардабын тартуы мүмкін қауіпті аймақтарға жатады. Мәселен, 2017 жылы мұндағы 11 ауылда 156 тұрғын үй су астында қалды. Ең көбі – 76 үй Тепличное елді мекенінде суға кетті.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев және оқу-жаттығу штабының бастығы – СҚО ТЖД бастығы Рамиль Камалов қатысты.

Таңертең Тепличное ауылының маңайы елді мекенді Есіл өзенінің тасқын суынан қорғау үшін инертті материалдармен көтерілді. ҚР Ұлттық ұлан 6637 әскери бөлімінің жеке құрамы шартты түрде жеке аулалардың су басқан аумақтарынан су сорып, инженерлік техникамен жұмыс істеді. Бөлімше сарбаздары қаптар дайындап, тасқын судың жолын бөгеді.

Ал Прибрежное ауылында су тасқыны салдарынан зақымдалған байланыс және электр желілерінде авариялық-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, ток соққан адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, оны емдеу мекемесіне жедел жеткізу тәсілдері пысықталды.

Оқу-жаттығу барысында қарттарды, әйелдер мен балаларды, тұрақты медициналық көмекке мұқтаж азаматтарды орта мектеп базасында ашылған эвакуациялық пунктке көшіру атқарылды.

Сонымен қатар, елді мекендерде қарды тиеу және шығару, егістіктерді қарайту, инженерлік техниканы пайдалана отырып, су өткізу құбырлары мен каналдарды тазалау бойынша жұмыстар жүргізілді.

«Су тасқыны болған жағдайда жедел әрекет ету үшін облыста құрамында 134 техника және ТЖД, полиция және Ұлттық ұлан сарбаздары - 475 адам бар жедел топ құрылған. Бүгінгі оқу-жаттығуға барлығы жеке құрамнан 200-ден астам адам және 40 техника жұмылдырылды», - деді СҚО ТЖ департаментінің бастығы Рамиль Камалов.


Соңғы жаңалықтар