СҚО-да су кеткен аумақтар дезинфекцияланып жатыр

дезинфекциялау
Фото: СҚО бойынша дезинфекциялық орталық

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан 3,5 мыңға жуық баспана су астында қалды. Қазіргі уақытта олардың 196-сынан су кетті. Осыған орай дезинфекциялық жұмыс жүргізіліп жатыр.

дезинфекция
Фото: СҚО бойынша дезинфекциялық орталық

«Ұлттық сараптама орталығы» РМК «Солтүстік Қазақстан облысы бойынша дезинфекция орталығы» филиалы директорының міндетін атқарушы Жұлдызбек Жамантаевтың айтуынша, орталық мамандары 22 сәуірден бастап бұл жұмысқа кірісіп кетті. Дезинфекцияны 4 маманнан құралған бригада атқарады. Қазіргі уақытта олар Тайынша ауданында жұмыс істеп жатыр. Бүгінге дейін мұндағы 21 үйдің 18-і зарарсыздандырылды.

дезинфекция
Фото: СҚО бойынша дезинфекциялық орталық

«Су басқан аумақты дезинфекциялаудағы мақсат – тұрғындардың арасында жұқпалы инфекциялық аурулардың таралуына жол бермеу. Сондықтан су басқан үйлер, олардың аумағы, аула, балалардың ойын алаңы, құдықтар мен ұғымалардың айналасы зарарсыздандырылады. Үйдің ішіне кіріп, міндетті түрде қабырғаларын, еден-есіктерін, ыдыс-аяқты, төсек-орынды, тіпті ойыншықтарға дейін өңдейміз. Соның ішінде жиһаздарды, қабырғалар мен едендерді сүртіп, не болмаса шашу арқылы дезинфекцияласақ, ыдыс-аяқ, ойыншықтар, көрпе-жастық тыстары, жамылғылар арнайы ерітіндіге салынады», - дейді Жұлдызбек Жамантаев.

дезинфекция
Фото: СҚО бойынша дезинфекциялық орталық

Мамандар дезинфекция үшін құрамында хлоры бар кез келген - «Дезэконом», хлорамин, сульфохлорантин, Дезхлор, «ДП Алтай» сияқты препараттарды қолданады.

«Дезинфекциялық жұмыс су кеткен үйлерге жүргізіледі. Әзірге өңірде су тасқынының екінші толқыны жүріп жатыр. Сондықтан негізгі жұмыс алда», - дейді Жұлдызбек Жамантаев.

Бұған дейін СҚО-да «Қазақстан халқына» қорының 100 тұрғын үй салуға 10 млрд теңге бөліп, облыстық әкімдікпен меморандумға отырғанын айтқан едік.

дезинфекция
Фото: СҚО бойынша дезинфекциялық орталық
дезинфекция
Фото: СҚО бойынша дезинфекциялық орталық

 

Соңғы жаңалықтар