СҚО-да су тасқынымен күресу үшін мұз үстіне экскаваторлар шығарылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында өзендердегі мұз құрсауын әлсіретіп, кептеліс болдырмау үшін екінші рет жару жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ мұзды ұсақтауға экскаваторлар да қолданылып жатыр.
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожиновтың айтуынша, шағын өзендерде мұз жару жұмыстары Ақжар, Айыртау, Уәлиханов және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарда жүргізілді.
«Ақжар ауданындағы Шат өзенінде мұз құрсауын әлсірету және кептелісті азайту үшін кеше жару жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде су деңгейі түсіп, жақын маңдағы үйлерге су кіруіне жол бермедік. Жалпы бұл ауданда су басу қаупі бар төрт елді мекен бар. Біреуінде жағдай тұрақталды. Қазір Ащыкөл ауылын бақылауда ұстап отырмыз», - деді Мұрат Қанғожинов.
Департамент бастығы орынбасарының айтуынша, қажет болған жағдайда өзендерде мұз жару жұмыстары қайталанады. Компаниямен келісім бар.
«Өзендерде жару жұмыстарынан бөлек мұзды ұсақтауға экскаваторларды да қолданып жатырмыз.Мұндай тәжірибені басқа өңірлерде де қолданады», - деді Мұрат Қанғожинов.
Бұған дейін Шат өзені тасып, тұрғындардың қауіпсіз жерге шығарылғанын айтқан едік.
Жалпы СҚО-да су тасқыны осы аптаның соңында шарықтау шегіне жетеді деген болжам бар.