СҚО-ға көктемгі су тасқынына байланысты Түркістан облысынан көмек келе жатыр

СҚО
Фото: Оралхан Қожанов / Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны осы аптаның соңында шарықтау шегіне жетпек. Су басу қаупі жоғары аудандар арнайы қызметтердің бақылауына алынған.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов өңірдегі су тасқыны жағдайына байланысты ақпаратпен бөлісті. Үлкен су облысқа әлі жете қойған жоқ.

«Петропавлдағы Жұмысшы кентінде 12 үйге еріген қар суы кірді. Тұрғындар эвакуацияланған жоқ, арнайы техникамен су сорылды. Бір баспанаға брнеше рет су кіру фактілері болды. Ақжар ауданы Шат өзенінің арнасынан шығуына байланысты Талшық ауылының 22 үй тұрғынын және малды эвакуациялауға тура келді. Мұз кептелісін болдырмау үшін түні бойы жұмыс істеп, нәтижесінде су үйлерге кірген жоқ», - дейді Мұрат Қанғожинов.

Ал өткен түнді мамандар далада өткізді. Тайынша ауданында қауіпті жағдай туындады.

«Ақмола облысы Алексеевка елді мекенін су басу қаупі туғандықтан, көлемі 3 млн текше метр болатын гидротехникалық құрылыстан су жіберуге шешім қабылданды. Салдарынан судың бір бөлігі біздің облысқа жіберілді. Бұл жұмыс сағат 17.00-де басталды, су Тайынша ауданына кешке қарай жетті. Департамент қызметкерлері жергілікті атқарушы билік, полиция қызметкерлері оқиға орнында болды. Тұрғындар алдын ала ескертілді. Сағат 23.00-де эвакуациялауға қажет техника дайын тұрды. Бірақ тұрғындар алдын ала қауіпсіз жерге баруға бас тартты. Түні бойы жағдай бақылауда болды. Инженерлік техника судың жолын бөгеумен айналысты. Қазіргі уақытта келген судың деңгейі түсе бастады. Су үйлерге жеткен жоқ. Тайынша қаласының айналасында бөгет бар. Ол 2017 жылғы су тасқынынан кейін салынған, ұзындығы 6 км, биіктігі 1 метр», - дейді Мұрат Қанғожинов.

26 наурыздан бастап департаментте тәулік бойы жедел штаб жұмыс істеп жатыр.

«Біздің мобильді топтар Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Рузаевка, Тахтаброд елді мекендеріне, Уәлиханов ауданының Қулыкөл, Қаратал ауылдарына жөнелтілді. Бұл ауданда да қауіп жоғары. Сілеті су қоймасынан су жіберген жағдайда, ауылды су басуы мүмкін. Кеше облыс әкімі арнайы қызметтермен өңірдің су басу қаупі жоғары аудандарын тікұшақпен бақылады. Уәлиханов, Ақжар, Тайынша аудандарында қар жақсы еріген. Ал Ғ.Мүсірепов, Тайынша, Айыртау аудандарында қар әлі тұтасып жатыр, бірақ алқаптарда су жинала бастаған. Қостанай және Ақмола облыстарымен шекаралас жатқан аудандарға мониторингті күшейттік. Өйткені бұл облыстар біздегі су тасқыны жағдайына әсер етеді. Қазір Түркістан облысынан бізге көмекке мобильді топтар, яғни 54 адам, 12 арнайы техникамен келе жатыр. Олар облыстың бес ауданына жіберіледі», - дейді департамент бастығының орынбасары.

Маманның айтуынша, күн жылынғалы облыста 12 рет жол учаскесін су басты. Оның төртеуі республикалық маңызы бар жолда, екеуі облыстық, қалғандары – жергілікті жолдарда болды. Қазіргі уақытта 8 жолда жағдай қалыпқа келді.

«Осы аптаның соңында өңірде су тасқыны шарықтау шегіне жетпек. «Қазгидромет» РМК болжамынша, ертеңнен бастап күн жылынады, бейсенбі күні ауа температурасы +12,+17 градус аралығында болмақ. Жалпы, жылдағы тәжірибеге сүйеніп айтар болсақ, биыл біз үшін қолайлы ауа райы сақталып тұр, түнде -5,-6 градус шамасында. Бұл қардың күрт еруіне жол бермеді», - дейді Мұрат Қанғожинов.

Соңғы жаңалықтар