СҚО-да су тасқынынан 100-ге жуық кәсіпкер зардап шекті

СҚО
Фото: СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында бизнестің 95 субъектісі тасқыннан зардап шекті. Оның 70-і Петропавлда, қалғаны Қызылжар ауданында орналасқан. Бұл тізім әлі де көбеюі мүмкін.

СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиевтің айтуынша, қазіргі уақытта су тасқынынан зардап шеккендер саны әлі де нақтыланып жатыр. 

СҚО
Фото: СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметі

«Қазіргі уақытта тасқыннан зардап шеккендердің басым бөлігі – азық-түлік, шаруашылық дүкендері. Сондай-ақ жиһаз жасайтын, битум, металл бұйымдарын сататындар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, қоғамдық тамақтану саласының өкілдері, техникалық қызмет көрсету орталықтары, ойын-сауық орталықтары бар. Әзірге бизнеске нақты қанша шығын келгенін есептеу мүмкін емес. Су кеткеннен кейін ғана есебі жүргізілмек. Мамыр айының басында «2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығындарды өтеу ережелері» ресми түрде қолданыла бастайды, осыған орай шығын сомасын айқындайтын комиссияларды қалыптастыру бойынша жұмыс басталды. Құрамына СҚО кәсіпкерлер палатасының дирекциясы да кірді. Тек кәсіпкерлер мүліктік шығындарды тек су кеткеннен кейін ғана бағалата алады», - дейді Жеңіс Қазиев.

Орасан шығынға ұшырағандардың бірі Қызылжар ауданы Прибрежное елді мекенінде орналасқан «Инкубаторий №1» ЖШС. 

СҚО
Фото: СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметі

«Құс фабрикасы жұмыртқаны инкубациялау және құс балапанын сатумен айналысады. 12 сәуірде ЖШС аумағын су алып, салдарынан бір күндік 3 мың бройлер шөжесі және екі жеткізушіден етті бағыттағы құстың 143 600 инкубациялық жұмыртқасы және жұмыртқа беретін тауықтың 36 мың жұмыртқасы суға кетті. Кәсіпорын басшылығынан алынған ақпаратқа сәйкес, тек осы бойынша ғана бизнес субъектісі 38,6 млн теңгеден астам шығынға ұшырады. Ал кәсіпорынның барлық материалдық-техникалық базасы да зардап шеккенін ескерсек, жалпы шығын 300 млн теңгеден асады», - дейді Жеңіс Қазиев.

Кәсіпкерлердің көпшілігі бір түнде тауар мен жабдықтарды ғана емес, сонымен бірге тұрақты кірісті де жоғалтты, яғни олар қолдағы несиелік міндеттемелерін орындай алмайды. Олардың қызметкерлері де жұмыссыз және тұрақты табыссыз қалды. Жұмысшыларға қандай да бір әлеуметтік көмек пен қолдау төленуі керек пе? Әзірге кәсіпкерлер осы және басқа да сұрақтарға нақты жауап таба алмай отыр.

«Қазіргі уақытта су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілерінің тізімін Петропавл қаласы мен облыс аудандарының әкімдіктері жасап жатыр. Сондықтан бұл тізімге енбеген кәсіпкерлер шұғыл түрде қалалық немесе аудандық әкімдіктерге жүгінуі қажет», - ддейді Жеңіс Қазиев.

Бұған дейін елімізде мал шығыны өтеліп жатқанын айтқан едік. 

Соңғы жаңалықтар