СҚО-да суық тиіп ауырғандар саны бір аптада 1,5 есе артты
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында соңғы аптада жіті респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырудың 3210 жағдайы тіркелді.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, 2024-2025 жылғы эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ-мен 106 мың адам ауырған. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 22% төмен. Науқастардың ең көбі 14 жасқа дейінгі балалар –71189 жағдай немесе 66,8%.
Соңғы аптада алдындағымен салыстырғанда 1,5 есеге өсім бар.
2024/2025 жылғы эпидемиялық маусым кезінде тұмауды 109 адам жұқтырды. ЖРВИ-мен ауыратын науқастардан ПТР әдісімен басқа да тұмауға жатпайтын вирустар анықталды: риновирустың 81 жағдайы, аденовирустың 49 жағдайы, парагрипптің 32 жағдайы, метапневмовирустың 13 жағдайы, бокавирустың 7 жағдайы тіркелді.
— «Тұмау, жіті респираторлық вирустық инфекциялар және COVID-19 коронавирус инфекциясы бойынша 2025-2026 жылдардың эпидемиялық маусымында санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізу туралы» Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы қабылданды.
Қаулы ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша эпидемиялық маусым кезеңінде профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізуді көздейді. Оның ішінде: медициналық ұйымдарда: кіреберісте«сүзгілердің» жұмысын қамтамасыз ету, маскаларды пайдалану, антисептиктердің болуы;
тұмау, ЖРВИ және COVID-19 көріністері, олардың асқынулары бар жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балаларға күнделікті патронажды, оларды уақтылы емдеуге жатқызуды қамтамасыз ете отырып, үйде шақыруларға бірінші кезекте қызмет көрсету, — дейді Әсет Жұматаев.
Маманның айтуынша, жалпы білім беру ұйымдарында бір сыныптағы оқушылар арасында 30% және одан артық ЖРВИ-мен ауырғандар тіркелген жағдайда, оқушылар онлайн оқытуға ауыстырылады.
— Маусымдық тұмау кезінде дене температурасының кенеттен көтерілуі, жөтел, бас ауруы, бұлшықет пен буынауруы, қатты әлсіздік, тамақ ауруы және мұрынның бітелуі байқалады.
Қазіргі уақытта алдын алудың тиімді әдістерінің бірі — вакцинация. Тұмауға қарсы вакцинация негізгі аурудың асқынуынан, ауруханаға жатқызудан және өлімнен қорғайды, — дейді Әсет Жұматаев.
Осыған орай23 қыркүйектен бастап облыста тұмауға қарсы иммундау науқаны басталды. Биыл да ресейлік «Грипполплюс» вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынды.
Бұған дейін СҚО-да жедел жәрдем қызметіне жаңа функция енгізілгенін айтқан едік.