СҚО-да суы тасуы мүмкін өзендерде жарылыс жұмыстары жүргізілді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында суы тасуы мүмкін өзендердің бес учаскесінде мұзды жару жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Қауіпті төмендету мақсатында Ғ.Мүсірепов ауданындағы өзендердің 5 учаскесінде профилактикалық жарылыс жұмыстары жүргізілді. Яғни Ақанбұрлық өзенінің Есіл өзеніне құятын жерінде, Григорьевка елді мекенінің маңында, Ақанбұрлық және Шарық өзендері қосылатын жерде және Раисовка елді мекенінің маңындағы Шарық өзенінде мамандар күні бойы жұмыс істеді. Осы мақсатқа 122 кг жарылғыш зат – петроген пайдаланылды.

«Өзендердегі мұздарды осы уақытта жылда жарамыз. Біздің міндетіміз – мұз кептелісін тудырмау және су деңгейінің күрт көтерілуіне жол бермеу. Бүгін жарылыс жұмыстарын жүргізген учаскелерде өзен суы тасыса ауылдардың шеткі көшелерінің төмен орналасқан учаскелеріне қауіп төндіреді. Сәуір айында су тасқыны кезінде «Көкше-БУР» ЖШС мамандары біздің ауданымызда кезекшілік етеді және қажет болған жағдайда жарылыс жұмыстарын жүргізеді», - дейді Ғ.Мүсірепов атындағы аудан әкімі Ағзам Тастеміров.

СҚО ТЖД бастығы Рамиль Камалов Чистополье, Рузаев және Новоишим ауылдық округтерінде болып, техниканың дайындығын, өткізілген инженерлік іс-шараларды тексерді.

«Бүгінге дейін ауданның елді мекендерінен 27 мың текше метрден астам қар шығарылды, 112 км су өткізу құбырлары тазартылды. Жергілікті әкімдіктер көктемгі су тасқынына дайындықты тиісті деңгейде жауапкершілікпен жүргізіп жатыр», - дейді Рамиль Камалов.

Департамент басшысы Айыртау ауданында да болып, су тасқыны қаупі бар елді мекендерді - Гусаковка, Константиновка, Имантауды аралап, Бабықбұрлық өзені мен Имантау көлін көрді. Төтенше жағдайға дайындықты тексерді.


Соңғы жаңалықтар