СҚО-да такси жүргізушілері көліктеріне қара лента тағып жүр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда такси жүргізушісі мен жолаушы арасында жанжал туындап, салдарынан жүргізуші бірер күннен кейін алған жарақатынан көз жұмды.

Жергілікті такси жүргізушілерінің айтуынша, 60 жастағы көлік жүргізушісі Петропавлдағы Ойқала шағын ауданынан бірнеше адамды мінгізген. Кейін жолаушылардың бірі салонда темекі шекпек болған. Таксист шылым тартуға болмайтынын ескерткен. Арты жанжалға ұласқан. Соққыдан көлік жүргізушісі асфальтқа басымен құлап, бірнеше күннен кейін ауруханада қайтыс болды.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер 60 жастағы такси жүргізушісіне ауыр дене жарақатын келтірді деген күдікпен бір азаматты ұстады. Қазіргі уақытта осы оқиға бойынша барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеушілер қылмыстың барлық мән-жайын, себеп салдарын жан-жақты зерттеп жатыр.
Ал әріптестерінің қайтыс болуына байланысты өңірдің такси жүргізушілері 14 маусымнан бастап аза тұтып жатыр. Бір апта бойы олар көліктеріне қара лента тағып жүреді.
Бұған дейін Петропавлда жұмысшы ЖЭО-2 аумағында жоғарыдан құлап кеткенін жазған едік.