СҚО-да тасқын кезінде зақымданған 700 электр бағанының әр үшіншісі қалпына келтірілді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы 2-жылу электр орталығында жылыту маусымына дайындық бойынша көшпелі кеңес өтті. «Севказэнерго» АҚ кәсіпорындары жоспармен бөлісіп, атқарылған жұмыс бойынша есеп берді.
Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те қатысты. Бұл жайында өңір басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Биыл «Севказэнерго» АҚ ЖЭО-2 жөндеу жұмыстарына 17,6 млрд теңге бөлді. Қазір бір қазандық пен екі турбоагрегатқа күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ бір қазандық пен бір турбоагрегат қайта жаңғыртылу үстінде. Мұржаға тексеру жүргізіледі. Алдағы жылыту маусымында облыс орталығы 2 мұржа арқылы жылумен қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар, жаңа мұржаның құрылысы да жүргізіліп жатыр», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Көшпелі отырыс барысында өңірді электр қуатымен қамтушы компания – «Солтүстік Қазақстан электржелістік тарату компаниясы» АҚ жоспары да тыңдарды.
«Компания 401 шақырым электр желісін және 18 қосалқы станцияны жөндеу және қайта құруды жоспарлап отыр. Су тасқыны кезінде 700-ден астам электр бағанасы зақымданған. Бүгінгі таңда 200-ден астам бағана қалпына келтірілді. Сонымен қатар, жағдай қайталанбауы үшін тасқынының ерекшеліктері ескеріліп, беріктігі жоғары металл бағандары орнатылып жатыр.
Инвестициялық бағдарламаларын жүзеге асырумен қатар, компания әкімдікпен бірлесіп инфрақұрылымды дамытуға, соның ішінде ауылдардағы тозығы жеткен электр желілерін жаңартуға несиелік қаражат тартуды жоспарлап отыр.
«Петропавл жылу желілері» ЖШС 6,4 шақырым магистральдық және тарату желілерін жөндеп, қайта қалпына келтіреді. Сондай-ақ, Петропавлдағы Сәтпаев көшесіндегі жылу магистралінің құрылысы аяқталады, Ружейников көшесіндегі жылу магистралін жаңғырту басталды», - деп жазды өңір басшысы.
Жиын қорытындысы бойынша СҚО әкімі жауапты мемлекеттік органдарға құрылыс-жөндеу жұмыстарының барысын қатаң бақылауға алуды, алдағы жылу беру маусымының үздіксіз өтуіне толық әзірлікті қамтамасыз етуді тапсырды.
Бұған дейін тасқын кезінде елдегі су қоймаларына 12 млрд текше метрден астам су жиналғандығын айтқан едік.