СҚО-да тасқыннан зардап шеккен отбасылардың балалары мектепте ыстық тамақпен тегін қамтылады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Биылдан бастап мемлекеттік білім беру ұйымдарында білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылай және материалдық көмек көрсету мемлекеттік қызмет болып есептелмек. Біржолғы жәрдемақы балаларға бес санат бойынша беріледі.

ұлттық тамақ
Фото: Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанованың айтуынша, ата-аналар белгілі бір санатқа жататынын растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда, 43407 теңгені ала алады. 

«Жәрдемақы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға; мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға; отбасыларда тұратын жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға; төтенше жағдай салдарынан шұғыл жәрдемді қажет ететін отбасылардан шыққан балаларға және білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына беріледі. Яғни мұнда отбасының материалдық-тұрмыстық жағдайын тексеру қорытындысы негізінде білім беру ұйымының Қамқоршылық кеңесі айқындайды», - дейді Айнагүл Сұрағанова.

Биыл СҚО-да су тасқынына байланысты «төтенше жағдай салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар» санаты бойынша көмекке мұқтаждар саны артты. Жалпы бүгінгі таңда облыста біржолғы жәрдемақы алуға үміткер, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 10879 оқушы бар.

«Мектепке табиғи және техногендік төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан авариялардың, зілзалалардың, апаттардың себептерін тергеп-тексеру туралы өтініш пен актіні-анықтаманы ұсынған жағдайда балалар тегін ыстық тамақпен қамтылады. Сондай-ақ киім, аяқ киім, мектеп керек-жарақтарын сатып алу үшін біржолғы жәрдемақы төлеу жөніндегі мемлекеттік қызмет көрсетіледі», - дейді басқарма басшысы.

Төлем алу үшін атааналар келесі құжаттарды ұсыну қажет, олар: өтініш; жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат; неке қию немесе некені бұзу туралы куәліктің көшірмесі; қорғаншылықты (қамқоршылықты) белгілеу туралы, патронаттық тәрбиелеуге және қабылдау отбасына беру туралы уәкілетті органның шешімінің көшірмесі; авариялардың, зілзалалардың, апаттардың себептерін тергеп-тексеру актісі.

«Мемлекеттік қызметті алу үшін ата-ана бала оқитын мектепке өтініш беруі керек. Алайда ата-аналар құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда немесе мерзімі өткен болса өтініш қабылданбайды. Сондай-ақ жәрдемақы алған ата-аналар қаражатты алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде білім беру ұйымына қаражаттың қайда жұмсалғандығы туралы есеп береді, яғни сатып алынған тауарлардың атауын көрсете отырып, шығыстар туралы растайтын құжатты ұсынуы қажет», - дейді Айнагүл Сұрағанова.

Бұған дейін СҚО-да соңғы жарты жылда желшешек жұқтыру дерегі үш есе азайғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар