СҚО-да техникалық қадағалау сарапшылары жол жұмысын қағаз жүзінде бақылап келген

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында техникалық қадағалаудың бір сарапшысы бір мезгілде бірнеше нысанда жұмыстың сапасын бақылайтыны анықталды.

Антикор
Фото: Kazinform

СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, ведомство жол құрылысы саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Нәтижесінде техникалық қадағалау жұмысында жүйелі заң бұзушылықтарды анықтады.

Өңірде автожол жөндеу бойынша 160 жобаны техникалық қадағалаудың барлығы 99 сарапшы бақылайды, оның ішінде 48 сарапшы екі және одан да көп нысандарға бекітілген.

«Инжинирингтік қызмет көрсетудің қолданыстағы ережелеріне сәйкес техникалық қадағалау жөніндегі сарапшы құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын тұрақты негізде тексереді. Алайда, нормативтік құжатта бір кезеңде бақыланатын нысандардың саны бойынша шектеу жоқ.

Бұл кемшілік елеулі олқылық болып табылады және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу сапасына теріс әсер етеді, өйткені бір адам бір уақытта бірнеше нысанды физикалық тұрғыда тексеріспен қамти алмайды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелін жою үшін департамент талдау нәтижелері бойынша тиісті ұсынымдар енгізетін болады», - деді СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары.

Сонымен қатар, департамент талдау жұмысы барысында сметаны асыра бағалау, сапасыз материалдарды пайдалану, көзделмеген жұмыс түрлерін қосу арқылы бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау және т.б. сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтады.

Тексеріс нәтижелері бойынша ашық рәсімдерді, цифрлық шешімдерді енгізу және озық шетелдік тәжірибені ескере отырып, салада бақылауды күшейту жөнінде шаралар кешенін қабылдау жоспарланған.

Жол құрылысы саласындағы бұзушылықтар туралы мәліметтері не оны жетілдіру бойынша ұсыныстары бар азаматтар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің облыстық департаментіне жүгіне алады.

Бұған дейін СҚО-да тасқыннан зақымданған гидротехникалық құрылыстар екі айда қалпына келтірілетінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар