СҚО-да төтенше жағдай режимін бұзған 64 адам қамауға алынды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында төтенше жағдай режимін бұзғандардың саны артқан. Тек өткен демалыс күндері ғана 63 адамға әкімшілік жаза қолданылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да төтенше жағдай режимін бұзған 64 адам қамауға алынды

Бұл жайында облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев айтты.

Оның айтуынша, төтенше жағдай жарияланғаннан бері өңірде тәртіпті бұзудың 345 дерегі тіркелген. 281 жағдайда тұрғындар пәтерлерінен еш қажеттіліксіз шыққан, соның ішінде 19-ы жасөспірімдердің үлкендердің қарауынсыз жүруіне, 6-уы карантиндік режимді бұзуға қатысты.

Ал өткен сенбі-жексенбі күндері тәртіп сақшылары 63 адамға «Төтенше жағдай режимін бұзу» бабы бойынша, яғни көшеде бейсауат жүргендері үшін әкімшілік хаттама толтырды.

«Тұрғындар аулаларға балаларын ойнауға жіберіп немесе өздері ертіп шығып карантиндік режимді бұзып жатыр. Тәртіпті бұзғандары үшін жазаға тартылады. Полицейлер ескертіп қана қоймай, қатаң шара қолданады. Осы күнге дейін соттар 224 материалды қарады. 64 адамға әкімшілік қамауға алу жазасы кесіліп, 155 адам 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төледі», - дейді Руслан Әлішев.

Облыс әкімінң орынбасары әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқандарға да жаза барлығын ескертті.

«Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында шындыққа жанаспайтын ақпарат таратудың екі дерегі анықталды. Негізінен облыс аумағында қауіпті індет таралуының жалған фактілері туралы жазылған. Екеуі бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Құқық бұзушылардың енді 3 жылдан 7 жылға дейін бостандығы шектелуі немесе осы уақыт аралығына бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - дейді облыс әкімінің орынбасары.

Бұған дейін СҚО-ның бас санитарлық дәрігердің қаулысымен 21 сәуірден бастап карантин режимінің күшейтілетіндігін айтқан едік.