СҚО-да туберкулезбен ауырғандар саны артқан
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында туберкулезбен ауыру бір жылда 3,8% өсті. Флюорография әдісімен былтыр туберкулезбен ауыратын жаңадан 191 науқас анықталған.
Солтүстік Қазақстан облыстық фтизиопульмонология орталығының мәліметінше, 2022 жылы 17 жасқа дейінгі 10 балаға туберкулез диагнозы қойылса, былтыр 11 бала ауырған. Жалпы 216 адамда бұл дерт алғаш анықталып отыр.
«Флюорографиялық тексеруден былтыр 336 мың адам өтті. 191 адамға туберкулез диагнозы қойылды. Бұдан бөлек емханаға 2783 адам туберкулезге күдікпен шағымданып, G-xpert әдісімен тексерудің нәтижесінде 257 адамда ауру расталды. Диаскин-тест тексеруден 9498 бала өтіп, оның ішінде 286-сында оң нәтиже болды», — дейді фтизиопульмонология орталығы директорының орынбасары Раиса Құсайынова.
Петропавлда және облыстың 6 ауданында «Сенім-Солтүстік» ҮЕҰ жұмыс істейді.
Ұйым сырқаттарды анықтау және іздеу, құжаттарын қалпына келтіру және ауырған адамдарға психологиялық кеңес беру, материалдық көмек көрсету, айыппұлдарды төлеу бойынша жұмыс жүргізеді.
Мәселен былтыр тұрмысы төмен отбасылардан 23 сырқат анықталып, емдеуден қашып жүрген 30 адам қайтарылған.
«Туберкулезбен ауыратын барлық сырқатқа әлеуметтік қолдау бар. Петропавл бойынша мәслихат сессиясында туберкулезбен ауыратын науқастарға әлеуметтік жәрдемақы төлеу туралы шешім қабылданды. 2023 жылы 438 сырқат жалпы 60 млн теңге көмек алды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп сома», — дейді Раиса Құсайынова.
Бұған дейін «Туберкулезден әлемді жарықтандыр» халықаралық науқанына Петропавлдың биыл да қатысып, облыстық филармония ғимараты қызыл түспен жарықтандырылатынын айтқан едік.