СҚО-да туберкулезбен ауыру шамамен 16 пайызға артты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр халықтың туберкулезбен сырқаттану деңгейі 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 15,81% өсті, қауіпті жұқпалы ауру жаңадан 210 адамда анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, облыста туберкулезге қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. 2021 жылы дерт жаңадан 183 адамда анықталса, былтыр 210 адам диспансерлік есепке алынды.

«Туберкулез әлемдегі ең көп таралған аурулардың бірі. Қазіргі медицина туберкулездің алдын алуға, науқастарды ерте анықтауға және тиімді емдеуге қауқарлы. Соған қарамастан бүгінгі күні туберкулез мәселесі толық шешілмей отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, ЖИТС, безгек және тропикалық аурулардан қарағанда туберкулезден қайтыс болатын адамдар саны әлде қайда көп», - дейді Әсет Жұматаев.

Туберкулезбен ауырғандардың басым бөлігі Петропавл тұрғындары, облыс орталығында сырқаттанушылық - 22,25%, Қызылжар ауданында 10 жағдайға Айыртау ауданында 7 жағдайға, Есіл ауданында 4 жағдайға артқан.

Соның ішінде 15-17 жастағы жасөспірімдер арасында туберкулезбен ауырғандар саны 2 есеге өскен. Осылайша былтыр дерт жұқтырған 6 жасөспірім анықталған.

«Жасөспірімдерде ағзаның гормоналды қайта құрылуына байланысты иммунитет төмендейді, салдарынан бала жұқпалы ауруларға бейім болады. Сондай-ақ қауіпті дерт COVID-19 бен ауырған жасөспірімдерде, бұрын туберкулез анықталған балаларда тіркеліп отыр», - дейді облыстың бас санитар дәрігері.

Маманның айтуынша, туберкулезге тән белгілер пайда бола бастаған жағдайда бірден дәрігерге көрініп, уақтылы емделу қажет. Сонда ғана туберкулезді жұқтырмай, оның асқынуының алдын алуға болады.

«Туберкулездің негізгі белгілері: 2 аптадан астам жөтел, кеуде тұсының ауыруы, түнде терлеу, дене салмағының төмендеуі, температураның 37 - 37,5 градусқа дейін ұзақ уақыт бойы сақталуы, жалпы әлсіздік. Бұл белгілер басқа ауруларға да тән. Сондықтан нақты диагнозды тек дәрігер ғана қояды. Жөтел - өкпе туберкулезінің жұқпалы түрімен ауыратын науқастарда негізгі симптом. Сондықтан, егер жөтел пайда болса және осы белгілердің кез-келгені болған жағдайда, дәрігердің қабылдауына барған жөн. Туберкулез анықталған кезде емдеуші фтизиатр дәрігерінің барлық талаптарын қатаң сақтау қажет. Емдеу режимі мен уақыты - туберкулездің түрінен және емделуге байланысты. Ауру созылмалы түрге, одан әрі ауыр түрге айналмауы үшін емделу уақыты ұзақ, толық, және үздіксіз болуы керек. Емдеудің жалпы курсы кемінде 6-8 ай. Туберкулезді емдеу барлық кезеңдерде тегін жүргізіледі», - дейді Әсет Жұматаев.

Санитар дәрігердің айтуынша, туберкулез инфекциясының негізгі берілу жолы – ауа тамшысы. Туберкулездің белсенді түрімен ауыратын науқас жөтелгенде, түшкіргенде қақырықпен бірге туберкулез таяқшаларын шығарады.

«Жөтел кезінде қоршаған ауада қақырықтың ең кішкентай бөлшектері 2 метрге дейін таралады. Күніне науқас қоршаған ортаға жөтелу арқылы 7 млрд-қа дейін туберкулез қоздырғышын бөледі. Ауада туберкулез микобактериялары бірнеше сағатқа дейін сақталуы мүмкін. Ем қабылдамаған науқас адам 10 адамнан 15 адамға дейін жұқтырады. Жұқтырған адамдардың тек 5-10% ағза иммунитеті әлсіреген жағдайда туберкулезбен ауыратыны белгілі. Сондықтан маскүнемдер, нашақорлар, АИТВ инфекциясымен және созылмалы аурулармен ауыратын адамдар жиі жұқтырады», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.


Соңғы жаңалықтар