СҚО-да тұмауға жатпайтын вирустардың жеті түрі тарап жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында бір аптада жіті респираторлық вирусты инфекцияны жұқтырғандар саны 22% өсті.

СҚО-да тұмаудың қауіпті түрін жұқтырғандар көбейді
Фото: freepik.com

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, эпидемиялық маусым басталғалы ЖРВИ-мен 67 мыңға жуық адам ауырды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20% төмен, десек те соңғы аптада сырқаттанғандар саны артып, 3,5 мың адам дәрігердің көмегіне жүгінді.

Облыста тұмауға жатпайтын вирустар да көп таралған. Мәселен риновирусты жұқтырудың 32 жағдайы, аденовирустармен ауырудың — 22, парагриппті жұқтырудың — 12, басқа коронавирустар — 11, метапневмовирустар — 5, респираторлық синцитиальды вирустарды жұқтырудың 5 жағдайы және 3 адамда бокавирустар анықталған.

Өңірде тұмауды жұқтырғандар саны да артып келеді. Осындай 92 жағдай тіркелді, оның ішінде А типті тұмау немесе «шошқа» тұмауымен 79 адам, маусымдық H1N1 — 4, H3N2 — 3 және В типті тұмаумен 6 адам сырқаттанды. Тұмаумен ауырғандардың 32-сі — 14 жасқа дейінгі балалар, тағы 4 жағдай жүкті әйелдер арасында тіркелді. Науқастар тұмауға қарсы екпе алмаған екен.

Бұған дейін СҚО-ға тасқынмен күреске алғашқы көмек келіп жеткенін жаздық. 

Соңғы жаңалықтар