СҚО-да түрмедегі бейнебақылау жүйесін сындырған сотталғанның жазасы 4 жылға ұзарды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысындағы түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан үшеуге бейнебақылау камераларын бүлдіргені үшін сот үкім шығарды.

Түрме
Фото: Kazinform

СҚО прокуратурасының мәліметінше, Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде құқықтық тәртіпті және режимнің сақталуын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйелерін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін қылмыстық жауаптылық енгізілген. 

Бейнебақылау жүйесін бүлдірген адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, ең жоғары жаза - 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. 

Былтыр СҚО бойынша ҚАЖД №51 мекемесінде сотталған Т. үздіксіз жұмыс істейтін 5 бақылау камерасын қасақана зақымдап, істен шығарған. Салдарынан 1,1 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірді.

Айыртау аудандық соты Т.-ны «№51 мекеме» РММ-нің бейнебақылау жүйесін бұзғаны үшін оған 4 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 

Сонымен қатар, сотталған адамнан мемлекет пайдасына келтірілген залал өндірілді.
Бұдан бөлек бейнебақылау жүйесіне зақым келтіргені үшін тағы екі сотталғанға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Мамандардың айтуынша, бейнебақылау жүйелері тәртіпті қамтамасыз етуде, құқық бұзушылықтардың алдын алуда және сотталғандар мен пенитенциарлық мекемелер қызметкерлерінің құқықтарын қорғауда шешуші рөл атқарады.

Бұған дейін СҚО-да былтыр 8 лауазымды тұлға қызметкерлерінің жұмыс уақытын сақтамағаны үшін жазаланғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар