СҚО-да учаскелік полиция инспекторына арналған 4 тұрғын үй-пункт салынады

СҚО полициясының басшысы 2021 жылдың қорытындысы бойынша өңірде қылмыстың жалпы саны 5,6 %-ға кемігенін атап өтті. Жасөспірімдер жасаған қылмыс та 13,6 %-ға азайған. «Өткен жылдардағы» 153 қылмыс ашылып, 34 қылмыскер ұсталған, із-түссіз жоғалған 23 адам іздеп табылған. Сонымен қатар, мал ұрлығы 38,3 %-ға азайды. 197 есірткі қылмысы, оның ішінде есірткі өткізудің 59 және шекара арқылы есірткі заттарын контрабандалық жолмен тасымалдаудың 11 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 410 кг-ден аса түрлі есірткі мен психобелсенді заттар, оның ішінде 4 кг-ден астам синтетикалық есірткі алынды.
Айдын Қабдұлдинов реформалаудың басым бағыттарына, сервистік формат жұмысына, сондай-ақ ашықтық, айқындылықты және елімізді дамытудың жаңартылған тұжырымдамасы аясында мемлекет басшысы ішкі істер органдарын бағдарлаған халыққа жақын болуды қамтамасыз етуге жеке тоқтала кетті.
«Полицияның жаңа стационарлық модульдік бекеттері ашылды, «патрульдеу учаскелері бойынша деректер кестесін құру» енгізілді; тұрғын үйлерді, саябақтарды қамтитын жаяу патрульдердің саны артты. Ауылдық жерлерде халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін біз полицейлерге тұрғын жаймен біріктірілген жаңа, ыңғайлы полицияның учаскелік пунктін салудамыз. Мамлют пен Уәлиханов аудандарында олар қолданысқа берілді. Биыл тағы осындай тұрғын жаймен біріктіріп салынған 4 учаскелік пунктті ашуды жоспарлап отырмыз. Ондағы мақсат, учаскелік инспектордың 24/7 режимінде халыққа жақын, өзінің әкімшілік учаскесінде өмір сүре отыра, ондағы барлық жағдайдан хабардар болуы», — деп атап өтті СҚО Полиция департаментінің бастығы.
Облыста 474 жалпы білім беретін мектеп, Петропавлда 46, аудандарда 428 жалпы білім беретін мектеп бар. Олар бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Мектептердің камераларынан түсірілген бейнежазбаларды Жедел басқару орталығы мен аудандық полиция бөлімдерінің кезекші бөлімдерінен көруге болады. Бүгінгі таңда мектептердің 60%-ға жуығы полиция бөліністеріне қосылған. Мектептер бейнебақылаудан бөлек, дабыл кнопкалары, металл іздегіштер, турникеттер, кіру жүйелері, ескерту құрылғыларымен және өрт дабылымен жабдықталған.
Айдын Қабдұлдинов бұзақылықтың алдын алу мақсатында патрульдік бағыттардың жүйелі түрде реттеліп, түнгі клубтарға, дәмханаларға және азаматтардың демалысына арналған басқа да орындардың маңында полиция жасақтарының қызмет атқаратынын атап өтті. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында биыл республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 8 және Петропавл жол желісінде 14 жылдамдықты реттеу жүйесін орнату жоспарланған. Сонымен қатар, автономды режимде жұмыс істейтін 2 интеллектуалды жол қиылысы орнатылады.