СҚО-да үш күнде көлігіне жалған нөмір таққан 4 адам ұсталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында үш күн бойы полиция қызметкерлері «Жалған нөмірлер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп, 130-дан астам құқықбұзушылықты анықтады.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шара барысында өңір жолдарында мемлекеттік тіркеу нөмірі оқылмайтын 105 автокөлік, сондай-ақ мемлекеттік нөмірі жоқ немесе белгіленген тәртіпке сәйкес келмейтін нөмірі бар 28 автокөлік анықталды.
Мәселен Петропавлда квадроцикл мінген 60 жастағы тұрғын айналма жолда тоқтатылды. Көлік құралы тіркелмеген болып шықты. Заңнамаға сәйкес, оған 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Көлігіне жалған мемлекеттік нөмір таққан төрт жүргізуші 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Олардың екеуі — Ресейдің Түмен облысының тұрғындары. Олар «Жезқазған- Петропавл» автожолында тоқтатылған. 27 жастағысы «Land Rover» автокөлігін, ал 33 жастағы ер адам «Mercedes Benz» маркалы көлікті басқарған.
Сонымен қатар іс-шара өткен үш күн ішінде өңірде 155 жүргізуші көлік басқару кезінде ұялы телефон қолданғаны үшін, 202 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, 6 жүргізуші мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталды.
Полицейлердің айтуынша, жалған мемлекеттік нөмірлерді анықтауда «Мегакам.Қорғау» зияткерлік қосымшасының көмегі зор. Былтыр полицияның бейнебақылау жүйелері арқылы 15,5 мыңнан астам автокөлік анықталды. Олардың ішінде айыппұлын төлемей жүрген шамамен 12 мың борышкер, көлік басқару құқығынан айырылған 9 жүргізуші және жалған нөмірі бар 4 автокөлік бар.
Жалпы, жыл басталғалы облыста 7 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 6 адам мерт болып, 7 адам жарақат алды. Адам өлімімен аяқталған жол апаттарының басым бөлігі елді мекендерден тыс автожолдарда болған.
Бұған дейін Шахтинск маңында 50 жолаушысы бар автобус жол апатына ұшырағанын жазған едік.