СҚО-да үй құстары белгісіз аурудан қырылып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Бугровое елді мекенінде тұрғындардың қорадағы тауық-қазы белгісіз аурудан қырыла бастады.

СҚО-да үй құстары белгісіз аурудан қырылып жатыр
Фото: Видеодан скрин

Осы ауылдың тұрғыны Светлана Ткаченконың айтуынша, күнде қорадан 15-20 құстың өлігін табады. Ал алдыңғы күні отбасыға қырылған 56 құсты лақтыруға тура келген.

— Қораға кіруге жүрексінетін болдым, тағы қаншасы өлі табылады деп. Ия, міне, айтқандай-ақ, бірнешеуі өліп, шашылып жатыр. Мыналар да ауырып тұр, бұлар да ұзаққа бармайды. Өткен аптаның жексенбісінде өле бастаған. Дүйсенбі ветеринарларды шақырдық. Олар тексеріске алды, бірақ нәтижесі тек бір аптадан кейін ғана белгілі болады деді. Құстардың неден қырылып жатқанын білмейміз, — дейді ауыл тұрғыны.

СҚО ветеринария басқармасы осы оқиғаға қатысты түсінік берді. Мамандардың айтуынша, бүгінде Бугровое ауылындағы жағдай тұрақтанды, құстардың жаппай қырылуы тоқтады. 

— Ветеринария басқармасы құстар өлген аулаларды тексерді. Патологиялық материалдардан сынамалар алынып, облыстық ветеринариялық зертханаға жіберілді. Зерттеу нәтижесі бойынша құс тұмауы анықталған жоқ. Пастереллезге қатысты талдаулар әлі жүргізіліп жатыр. Халыққа ветеринариялық ережелерді сақтау қажеттігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қоралар тазаланғаннан кейін дезинфекция жүргізіледі, — деді СҚО ветеринария басқармасының басшысы Жанат Әміржанов.

Маманның айтуынша, құс иелеріне құсты ауладан шығармау, антибиотиктермен ем жүргізу және ветеринариялық талаптарды сақтау ұсынылды. Ал қырылған құс мал қорымында жойылды.

— Ветеринариялық қызмет мамандары эпизоотиялық жағдайды күнделікті бақылауда ұстап, қажетті профилактикалық және індетке қарсы шараларды жүргізіп жатыр. Жағдай толық бақылауда. Жалпы биыл сәуір айында Бугровое ауылында құс тұмауына қарсы 3051 құсқа вакцина егілді, оның ішінде тауықтар да, қаз-үйрек, күркетауық та бар, — деді басқарма басшысы.

Бұған дейін СҚО-да бұралқы иттер тұрғындардың құс-малына ауыз салып, маза бермей жатқандығын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар