СҚО-да ұялы байланысты жақсарту үшін автожолдар бойында 14 антенна мұнара қою жоспарланған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында былтыр ұялы байланысты жақсарту мақсатында 300-ге жуық жаңа 4G базалық станция орнатылды.

СҚО-да ұялы байланысты жақсарту үшін автожолдар бойында 14 антенна мұнара қою жоспарланған
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлім етті.

— Бүгінде СҚО-да 5 қала 635 елді-мекен бар, оның ішінде 318 ауыл — 4G, 107 елді-мекен — 3G, 215 елді-мекен — ТОБЖ/ADSL технологиялары арқылы интернетке қосылған.

Былтыр облыс бойынша 293 жаңа 4G базалық станция орнатылған. Сонымен қатар «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылдың соңына дейін тағы 295 ауылға талшықты-оптикалық желі тарту жоспарланып отыр, — делінген ресми жауапта.

Ведомствоның мәліметінше, ұлттық жоба аясында Петропавлда 24 5G базалық станция орнатылды.

СҚО-да ұялы байланысты жақсарту үшін автожолдар бойында 14 антенна мұнара қою жоспарланған
Фото: Kazinform

Географиялық және экономикалық ерекшеліктерді ескере отырып, 2023 жылы спутник байланыс арқылы республика бойынша 176 ауылдық елді мекенде байланыс жақсарды, оның 17-сі СҚО-да орналасқан. Жыл соңына дейін 328 ауылды қосу жоспарланған, оның ішінде 46-сы «OneWeb» компаниясының спутник технологиясы арқылы СҚО-да қосылады.

— Солтүстік Қазақстан облысындағы автожолдар бойында ұялы байланысты жақсарту үшін 14 антенна мұнара орнату жоспарланған. Бұл бастамалар ауылдағы халыққа байланыс пен цифрлық қызметтерді қолжетімді етуге бағытталған, — дейді министрлік өкілдері.

Бұған дейін Премьер-министр туристік локацияларда сапалы ұялы байланыс пен интернет болу қажеттігін айтқан еді

Соңғы жаңалықтар