СҚО-да заңсыз арақ-шарап дүкенін ашқан тұрғын жауапкершілікке тартылды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының тұрғынынан полицейлер 200 литрге жуық алкоголь өнімін тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Мамлют ауданының полицейлері кәсіпкерлікпен айналысқан тұрғынан 200 литрге жуық алкоголь өнімін тәркіледі. Оның үйінен арақ-шарап өнімдері, коньяк, сыра табылды. Мұның бәрін ол лицензиясыз сатқан. Мұнымен қатар арақ-шарапты оның үйінен кез келген уақытта сатып алуға болатыны анықталды.
«Заңсыз өнім «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталды. Мамлют ауданының полицейлері үй-үйді аралау барысында рұқсат құжатынсыз алкоголь сату дерегін анықтады. Тұрғынның үйінен 192 литр түрлі спирт ішімдік алынды. Ер адамға қатысты «Тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттерді жүзеге асыру» бабы бойынша әкімшілік материал жиналып, сотқа жіберілді», - деді аудандық полиция бөлімінің бастығы Серік Әлжанов.
10-14 маусым аралығында өткен шара кезінде полицейлер заңсыз айналымнан 270 литрден астам арақ-шарап тәркіледі. Алкоголь өнімдерін сату жөніндегі заң талаптарын бұзғаны үшін 16 адам жауапқа тартылды.
Ақерке Дәуренбекқызы