СҚО-да заңсыз сақталған жеті қару тәркіленді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өткен «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер заңсыз сақталған 7 қаруды тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда өңірдің 7 292 тұрғынында 12 270 қару бар, оның ішінде 998-і ойықты. Қарудың қылмыста пайдалануына жол бермеу мақсатында полицейлер ақпанның 17-сі мен 19-ы аралығында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Тәртіп сақшылары қару иелерін тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексерді.
Полицейлердің айтуынша, көп жағдайда солтүстікқазақстандықтар қаруға арналған сейфтерде бөгде заттарды сақтайды. Бұлай істеуге болмайды. Қаруға қатысты құжаттардың өзі бөлек сақталуы керек. Тексеру барысында жиі кездесетін тағы бір олқылық – жұмыс істемейтін дабылқаққышқа байланысты. Сондай-ақ учаскелік полиция инспекторларымен өткізілетін бірлескен тексерістер кезінде қаруды заңсыз сақтау фактілері анықталды.
Мәселен, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны атасынан қалған 16 калибрлі екі ұңғылы мылтықты сақтап келген. Полицейлер қару иесі қайтыс болған жағдайда бір айдың ішінде қаруды аумақтық полиция бөліміне сақтауға тапсыру қажеттігін ескертеді, кейін қаруды өз атына ресімдеу немесе сатып жіберу туралы шешім қабылдауы қажет. Қаруды тіркемеген ер адамға «Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы» бабы бойынша материал жиналды.
«Екі күннің ішінде заңсыз сақталған 7 қару алынды. 2,5 мыңнан астам қару иесі тексерілді, оның 60-сы сақтау ережелерін, 17-сі тіркеу және қайта тіркеу ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылды», - дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Құрман Мусин.