СҚО-да зейнеткер екі пәтерінен айырылып, далада қала жаздады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Петропавлда 66 жастағы зейнеткер онлайн алаяқтардың құрбаны болды.

пенсионеры
Фото: shutterstock.com

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әйелге қылмыскер қоңырау шалып, өзін құқық қорғау органының қызметкерімін деп таныстырған. Ол зейнеткерді алаяқтар пәтеріңді тартып алмақшы және оларды әшкерелеу үшін баспананы сату бойынша тезірек «жалған мәміле» рәсімдеу қажет деп, айтқанына көндіреді. Сондай-ақ қылмыскерлерді ұстау бойынша құпия операция болғандықтан, ешкімге айтпауды тапсырады.

полиция ІІМ интернет алаяқ
Фото: СҚО ПД

Қала тұрғыны мүлкін сақтап қалмақ болып өзіне тиесілі екі пәтерін сатып жібереді. Туыстары мұнда бір шикіліктің барын сезіп, жәбірленушіні полицияға жүгінуге көндіреді. Алайда ол ақшаның бір бөлігін қылмыскер көрсеткен шотқа аударып, ал қалғанын курьерге тапсырып үлгерген екен.

Курьер 27 млн теңгені Астана қаласына жеткізеді. Ақша екі дроппер арқылы өткен, жедел уәкілдердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде қаржы шетелге жөнелтілгенше тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.

Бұдан бөлек, полицейлер жәбірленушінің азаматтық сот ісін жүргізу тәртібінде қылмыскердің нұсқауы бойынша аударған ақшасын, банк чектерінің сақталуына байланысты қайтарып алуға мүмкіндігі барына тоқтала кетті.

Қазір аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жалғасқан.

Тәртіп сақшылары: «ҰҚК-дан», «полициядан», «прокуратурадан» деген қоңырауларға, егер олар WhatsApp арқылы шалынса және сөйлесушілер қандай да бір қаржылық операция жасауға азғырса сенбеу қажеттігін ескертеді. Осындай қоңырау шалынған жағдайда, сөйлесуді тоқтатып, ақпаратты тексеру үшін сізге қоңырау шалған органға хабарласқан жөн.

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, тәжірибелі адвокат Елена Игнатенко алаяқтарға алданған жағдайда не істеу қажеттігін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар