СҚО-да жалпы сомасы бір млрд теңге болатын 3 мыңнан астам ота көзге тегін жасалды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері көзге 3 342 ота жасалды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тұрғындарға тегін көздің көру қабілетін жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.

Облыста көзге жоғары технологиялық оталар екі орталықта жасалады. Соның бірі - «Айна-көз» жекеменшік емдеу мекемесі. Орталықтың ақпаратына сәйкес, биыл МӘМС аясында халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің көлемі ұлғайып, 1606 ота жасалды. Оның жалпы сомасы 414 млн 548 мың теңге. Орталыққа тәулігіне орта есеппен 50-ден 70-ке дейін науқас келіп, қаралады.
Ал «Есіл – Диагностик» офтальмологиялық орталығында МӘМС аясында 553 млн 372 мың теңгеге 1736 адамның көзіне ота жасалды.
Петропавл тұрғыны Нина Жильцова – зейнеткер. Көзіне қажет қымбат отаны тегін жасатуға болатынын естіген. Дәрігердің жолдамасы арқылы орталықта ота жасатып, көру қабілетін қайтарды. Мұндай медициналық көмекке МӘМС жүйесінде сақтандырылған науқастар қол жеткізе алады.

– Мен Петропавлдағы №2 қалалық емханада тіркелгенмін. Дәрігер мені көзге ота жасату үшін порталға қойды. Кезегім келіп, жекеменшік емханада ота жасаттым. Катаракта деген диагноз қойылған еді. Енді екінші көзімді де дұрыстауға ниеттімін. Уақтылы жасалған ота көру қабілетімді жақсартты, – дейді Нина Жильцова.
Офтальмолог-дәрігерлердің айтуынша, МӘМС жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтер көлемі артқан, алайда көзі ауыратын науқастар саны да азаймай отыр. Оның ішінде ересек тұрғындар да, балалар да бар. Оған себеп - компьютер мен смартфонды өте көп пайдалану.
СҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінгі күні порталда операция жасатуға кезекте 542 адам тұр.
Бұған дейін СҚО-да ветеринар мамандар арасында семинар-тренинг өтіп, антибиотиктерді орынсыз қолданудың салдары туралы айтылғанын жазған едік.