18:46, 15 Желтоқсан 2014 | GMT +5
СҚО-да жаңа емхана ашылды (ФОТО)
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік күні мерекесінің қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының Явленка ауылында бір ауысымда 250 адамның келуіне шақталған жаңа емхана ашылды.
Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов ауыл тұрғындарын ҚР Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, дәрігерлерге реанимобиль кілтін табыс етті. Емхананың құрылысына республикалық бюджеттен 1 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалды. «Құрметті жерлестер, сіздерді ҚР Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Президент Н.Ә.Назарбаев барлық бағдарламалық құжаттарда ұлттың денсаулығына, сапалы медициналық көмектің көрсетілуіне ерекше назар аударып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындай отырып, біз облыста тағы бір емхананы ашып отырмыз. Ол заманауи стандарттар бойынша салынып, қазіргі заманға сай құралдармен жабдықталған», - деп атап өтті Ерік Сұлтанов. Ауыл тұрғындарына шамамен 30 дәрігер қызмет көрсетеді, олардың бесеуі - жас маман.