СҚО-да жаңа жылдан мектептегі ыстық тамақ бағасы өсе ме
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Жылдың аяқталуына санаулы күндер қалса да, Солтүстік Қазақстан облысында мектептердегі ыстық тамақтың жаңа бағасы бекітілген жоқ.
10 қаңтардан бастап мектептердегі тамақтану жаңа стандарт бойынша ұйымдастырылуы тиіс. Алайда мектеп асханаларында жұмыс істейтін кәсіпкерлер әлі күнге дейін ыстық тамақ бағасы көтеріле ме, жоқ па — белгісіз екенін айтады.
Бұл мәселе СҚО кәсіпкерлер палатасындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында көтерілді.
Бұл мәселенің қайта қаралуына «Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қауымдастығы» республикалық бірлестігінің ресми өтініші себеп болған. Биыл 1 қыркүйектен бастап мектептерде жаңартылған тамақтану стандарты енгізілді. Ол оқушылар рационын жақсартып, ет, жеміс-жидек мөлшерін арттыруды, күнделікті ыстық тағамның болуын талап етеді. Қосымша қаражат бөлінбегендіктен СҚО бұл стандартты енгізуді 2026 жылға қалдырған еді.

СҚО кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, жаңа мәзірді әзірлеу және ыстық түскі ас құнын есептеу үшін өңірде кәсіпкерлер, СЭС, білім және денсаулық сақтау басқармалары өкілдерінен тұратын арнайы жұмыс тобы құрылды. Кәсіпкерлердің айтуынша, жаңа талаптарға сай болу үшін бастауыш сынып оқушыларына арналған түскі ас бағасы ең кемі 747 теңге болуы тиіс. Алайда бұл баға әлі күнге дейін ресми түрде бекітілмей отыр.
- СҚО-да бағаны барынша төмендетуге тырыстық. Басқа облыстарда бұл мәселе толық шешілді. Мысалы, ШҚО-да 804 теңге болып бекітілді. Республика бойынша орташа баға 800 теңгеден басталады. Бұрын мәзірді ботқа есебінен арзандатуға болатын еді, ал жаңа стандарт бойынша етті тағамдар күн сайын берілуі тиіс. Егер СҚО-да түскі ас бағасын көтермесе, 10 қаңтардан бастап жаңа стандартты енгізу мүмкін болмайды, – деді Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қауымдастығының вице-президенті Марина Лаптева.
Білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Үкенованың айтуынша, жаңа стандартты енгізуге қажетті қосымша бюджеттік өтінім қоғамдық кеңес пен тұрақты комиссияда алдын ала мақұлданған. Енді бұл өтінімді облыстық мәслихатта бекіту ғана қалды.

Жаңа мәзір, жаңа баға және жаңартылған келісімшарттар 2026 жылғы 10 қаңтардан бастап күшіне енуі тиіс. Егер жыл соңына дейін бюджет бекітілмесе және жаңа баға білім басқармасының бұйрығымен ресми түрде жарияланбаса, СҚО-да жаңа стандартты уақытында енгізу тағы кейінге шегерілуі мүмкін.
Сондықтан кеңес білім басқармасына баға мен мәзірді бекіту процесін жеделдетуді, кәсіпкерлермен келісімшарттарды уақытылы рәсімдеуді ұсынды. Сонымен қатар мәселе бойынша облыс әкіміне ақпарат берілетін болды. Прокуратура кәсіпкерлер палатасымен бірге бұл мәселені бақылауына алды.
Естеріңізге салайық, мектеп асханасында тыйым салынатын тағам тізімі жаңарған еді.