СҚО-да жаңажылдық шыршалар екінші рет кәдеге жарап жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда мейрамда қолданылған шыршалар жабайы жануарларға азық болады.
Бұл іс-шараны жергілікті волонтерлер жауапты мекемелердің қолдауымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырды.
— Жаңа жыл мерекесінен кейін Петропавл бойынша пайдаланылған шыршалар жиналып, қала маңындағы Куйбышев орман шаруашылығына әкелініп жатыр. Бұған дейін акция туралы тұрғындарды хабардар еттік. Олар шыршаны 25 қаңтарға дейін қоқыс жәшігінің қасына шығарып қоя алады. Кейін жүк көлігі алып кетеді. Ал 25 қаңтардан кейін контейнерге тастайтын болса, бұл үшін айыппұл төлейді, — дейді Петропавл жастар ресурстық орталығының жетекшісі Дамир Абдин.
Орманшылар да бұл бастаманы құп алды. Шыршалар жабайы жануарларға азық ретінде, төсем ретінде қолданылады.
— Ағаштарды мекеме аумағында діңінен бұтақтарын бөліп дайындаймыз, кейін орман ішіне, жемдеу алаңдарына апарамыз. Ағаштың қылқаны жануарларға қажет дәруменге бай. Сондықтан қазіргідей далада азық азайған шақта оларға бұл жақсы қорек. Бұдан бөлек қазір жазда дайындаған қайың сыпырғыштарын да беріп жатырмыз, — дейді «Қызылжар орман шаруашылығы» КММ орманшысы Дмитрий Бутенко.
Былтыр осы уақытта еліктер азық іздеп елді мекендер ішіне кіріп кеткен еді. Оған, мамандардың айтуынша, қалың қар себеп болды. Әрі бірнеше рет қыс ортасында жаңбыр жауып, қатырып, жануарлар тебіндей алмай аштыққа ұрынды.
— Екі жыл қатарынан Ресейден көп елік ауып келді. Жабайы жануарлардың миграциялық жолы бар. Олар шамамен он жылда осылайша ауып отырады. Оның бір себебі — көбею үшін жемшөп және жайлы жер іздеу. Биыл жағдай әзірге жақсы, — дейді Дмитрий Бутенко.
Бұған дейін СҚО-да 99 жасқа келген майдангер Василий Макиенкоға құрмет көрсетілгенін жаздық.