СҚО-да жануарлардан зардап шеккендер саны 33%-ға артты

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биыл екі айда 239 адам антирабиялық көмекке жүгінді. 

СҚО-да жануарлардан зардап шеккендер саны 33%-ға артты
Фото: Pexels

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, 2025 жылдың ұқсас кезеңінде 164 адам медициналық көмек сұраған, яғни биыл зардап шеккендер саны 33% артық.

– Елді мекендерде қаңғырған ит-мысық саны азаймай, керісінше көбейген. Салдарынан олардан зардап шеккендер саны да артқан. Петропавлда 123 адамды жануарлар тістеген, тырнаған, бұл 2025 жылмен салыстырғанда 39%-ға көп. Жарақат алғандардың 56%-ын немесе 133 адамды ит қапқан. Оның ішінде 69 адамды көшеде иесіз жүрген иттер қапқан. 91 адам немесе 38%-ы мысықтардан зардап шеккен. Сондай-ақ 15 адам түлкі, ірі қара мал, тышқан, егеуқұйрық және басқа жануарлардан жарақат алған, - дейді Әсет Жұматаев.

Маманның айтуынша, барлық жағдай бойынша эпизоотологиялық және эпидемиологиялық тексеру жүргізілді. 239 адамға антирабиялық вакцина салынды, соның ішінде 128 адамға тек вакцина, 111 адамға иммуноглобулин және вакцина қолданылды. 

– СҚО құтырманың табиғи ошағы аймағында орналасқан. Әсіресе қыс-көктем уақытында қауіпті, өйткені вирус жабайы жануарлар арқылы елді мекендерге жетіп, үй жануарларына жұғуы мүмкін. Бұл – өте қауіпті инфекциялық ауру, себебі егер алғашқы сағаттарда медициналық көмек көрсетілмесе, адам өлімге әкелетін дертке шалдығады. Өңірде белсенді алдын алу жұмыстары жүргізілуінің арқасында 1998 жылдан бері құтырма жұқтыру тіркелген жоқ, - дейді департамент басшысы.

Маманның айтуынша, қауіпті дерттен сақтану үшін иттерді міндетті түрде байлап немесе қорада ұстаған жөн. Үй жануарлары вирусты жұқтырмауы үшін жабайы жануарларға жақындатпау керек. Сонымен қатар барлық итке құтырмаға қарсы вакцина салынып отыруы қажет.

– Егер де абайсызда жануарлар тырнап немесе қауып алса, жараны кемінде 15-20 минут бойы сабынмен жуу керек. Кейін 70% спирт немесе йодпен өңдеу қажет. Сондай-ақ дереу медициналық мекемеге барып, антирабиялық вакцина алыңыз. Құтырма – емі жоқ ауру. Дерттен қорғанудың бірден-бір жолы – вакцинация. Екпе уақтылы жасалса, адам өміріне келер қауіп жоқ, - дейді Әсет Жұматаев.

Бұған дейін Қостанай облысында құтырмаға шалдыққан сілеусін ауылға кіріп кеткенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар