СҚО-да жарты жылда 900-ден астам адамға онкология диагнозы қойылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысы биылғы жарты жылдың қорытындысы бойынша онкологиялық аурудың таралуынан республикада екінші орынға шықты.

Бірінші орында – Қарағанды облысы, үшінші орында – Шығыс Қазақстан облысы тұр. Осыған орай біз облыстық онкологиялық орталық директоры Олег Дудякпен өңірдегі ахуал, аурушаңдық себебі және алдағы жоспарлар жайлы әңгімелестік.
– Олег Викторович, қазіргі уақытта өңірде обырдың қай түрі жиі кездеседі?
– Бірінші орында – өкпе рагы тұр, 6 айда 109 адам ауырды. Бұл барлық сырқаттанғандардың 12,5%, өткен жылмен салыстырғанда шамамен 10% өсті, былтыр 91 адам ауырған еді. Екінші орында колоректальды обыр келеді, 106 жағдай тіркелді, бұл -12,2% және үшінші орында 11,1% сүт безі обыры тұр. Жарты жылда 97 әйелге осы диагноз қойылды.
– Неліктен СҚО онкологиялық аурулар бойынша алғашқы үштіктен түспей келеді?
– Бұған бірнеше фактор әсер етеді: халықтың демографиялық құрылымында егде жастағылардың үлесі жоғары болуы, мысалы өңірдегі барлық тұрғындардың 18% - 65 жастан асқандар, экологиялық жағдайлар, сондай-ақ скрининг пен ерте диагностиканы белсенді насихаттау.
– Экологияның да әсері бар дедіңіз...
– Ия, өңір көмірді көп қолданады, облыс орталығында да, аудандарда да пешпен жылытылатын үйлер көп, автокөлік түтіні де әсер етеді, таза ауыз судың жетіспеушілігі мәселесі тағы бар.
Әлеуметтік әсеріне келер болсақ, жастарға арналған спорттық және мәдени инфрақұрылымның аздығы. Әрі тұрғындардың спирттік ішімдіктерге үйір болуы, темекі шегу сияқты жаман әдеттер де салдарын тигізіп жатыр.
– Қазір СҚО-да қанша науқас диспансерлік есепте тұр және биыл қанша жаңа жағдай тіркелді?
– Бүгінде диспансерлік есепте 11 588 адам тұр. Биылғы 6 айда «Д» есепке тағы 913 науқас алынды.
– Жағдайды жақсарту үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр? Жалпы облыста онкологиялық көмек қаншалықты дамыған?
- Ай сайын және тоқсан сайын обыр түрлері бойынша онкүндіктер, ашық есік күндері, теле-радио сұхбаттар, дәрігерлердің түсіндіру жұмыстары өтеді. Онкологиялық орталықта МРТ, КТ аппарат, КТ-симулятор, 2023 жылдан бері радиожиілік абляция аппараты бар. Биыл қатерлі ісікті емдеуге арналған инновациялы желілік үдеткіш орнатылды. Бұл өңірімізде енгізілген алғашқы аппарат. Маңызды жоба «Қазақстан халқына» қорының қаржылай қолдауының арқасында жүзеге асты.
Бұған дейін тұрғындар бұл қызметті алу үшін басқа өңірлерге баратын. Halcyon желілік үдеткіш пен соңғы буындағы жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған компьютерлік томограф сәуле дозасын дәл есептеп, ісіктің шекарасын нақты анықтауға және сәулені тек зақымданған жасушаларға бағыттап ем жүргізуге мүмкіндік береді.
Десек те, аудандық және қалалық емдеу мекемелеріне заманауи медициналық қондырғылар: цифрлық маммографтар, эндоскопиялық тағандар және тағы басқалары керек.
– Мамандар жеткілікті ме?
– Эндоскопист, реабилитолог, онкогинеколог, онколог, химиотерапевт, патоморфолог сияқты 6 маманға сұраныс бар. Аудандық және қалалық деңгейде онкологтар жетіспейді.
Қазіргі уақытта 17 медициналық мекемеде онкологтың міндетін 11 дәрігер қосымша атқарса, тек алтауында ғана маман толық штатта бар.
– Диагностика мен емге алуға бүгінде кезек бар ма?
– Онколог қабылдауы үшін 4-5 күн, ал КТ және МРТ сияқты қосымша тексерулерге 1,5-2 апта бұрын жазылу қажет.
– Халық скринингтік тексерулерге қаншалықты белсенді қатысады?
– Скринингтер сүт безі, жатыр мойны, колоректальды рак бойынша жүргізіледі. 2024 жылы сүт безі бойынша қамту - 95%, жатыр мойны – 96%, колоректальды обыр – 97,5% болды. Биыл скринингтен өту тиіс тұрғындардың шамамен 70% тексерілді.
– Психологиялық көмек қаншалықты қолжетімді?
– Онкологиялық науқастар мен олардың отбасыларына психологиялық көмек жалпы алғанда қолжетімді, алайда оның деңгейі мен сапасы өңірге және нақты медициналық ұйымға байланысты әртүрлі. Көптеген науқас және олардың туыстары қатерлі ісік диагнозы қойылғанда және оны емдеуге байланысты туындайтын эмоциялық және психологиялық қиындықтарды еңсеруде психологиялық қолдауға мұқтаж.
Өңірде паллиативтік орталықтар және 4 адамнан тұратын (дәрігер, медбике, психолог, әлеуметтік қызметкер) жылжымалы мобильді бригада бар. Паллиативтік қызметтің мобильді бригадасы ауыр және жазылмайтын ауруы бар науқастарға үйде көмек көрсетеді. Бұл көмектің мақсаты – өмір сапасын жақсарту, ауырсынуды және басқа да симптомдарды жеңілдету, сондай-ақ науқастар мен олардың отбасыларына мейіргерлік күтім мен психологиялық қолдау көрсету.
– Алдағы жылдарға қандай жоспар бар?
– 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық көмекті дамыту жоспарына сәйкес, МРТ, КТ, жоғары классты УДЗ аппаратураларын сатып алу көзделген. Эксперттік эндоскопиялық орталық ашу жоспарланған. Бұл өңірде ерте диагностика мен сапалы емдеуді жақсартады.
Бұған дейін СҚО-да биыл 85 адам туберкулез жұқтырғанын жазған едік.