СҚО-да «Жас балуан» лигасына спортқа енді қадам басқан балалар қатысып жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылында дәстүрлі «Жас балуан» лигасы өтіп жатыр. Ерекшелігі – грек-рим күресіне енді келген балалар арасында ұйымдастырылуы.
Облыстық жарысқа бұл жолы Қарағанды, Рудныйдан және Қытай Халық Республикасының жас балуандары да қатысып жатыр. Бір күнге шақталған жарыста 7-14 жастағы 300 бала белдеседі.

- Бұл жоба алғаш рет 2024 жылдың желтоқсан айында қолға алынды. Сынақ ретінде алғашқы турды ұйымдастырдық. Боз кілемге 50 балуанымыз шықты. Жақсы өтті. Содан бері өңірдегі жаттықтырушылар бәріміз бірге ай сайын осы лиганы ұйымдастырып келеміз.
Мақсат – балалар мен жасөспірімдер күресін дамыту, балаларымызға мотивация беру. Күресті жаппай, қолжетімді әрі жүйелі спорт түріне айналдыру. Балалар бір орында тоқтап қалмай, турдан турға өтіп, тәжірибе жинап, өзіне деген сенімділігін арттырып, мінез-құлқын шыңдауы тиіс, - дейді «Жас балуан» жобасының авторы, облыстық олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледждің жаттықтырушы-оқытушысы Серәлі Құсайынов.

Маманның айтуынша, бүгінде 8-12 жас аралығындағы балалар үшін жарыстар өте аз - жылына бар болғаны 1-2 рет қана өтеді. Соның салдарынан көптеген жас балуандардың қызығушылығы төмендеп, спорттан кетіп жатады. «Жас балуан» лигасы осы мәселені шешуді көздейді.

- Жыл соңына дейін 10 тур өткіземіз. Сондай-ақ, әр бесінші тур – мерейтойлық. Қуантарлығы – қатысушылар саны артып келеді. Көрші облыстар да қосылып жатыр.
Бұл лигада қатысқан балалардың барлығы медаль-грамотамен марапатталады.
Менің бұл салада жүргеніме 20 жылдан асты. Өңірде балалар мен жасөспірімдерді спортта ұстап қалуда үлкен мәселе бар. Секцияға 20 бала келсе, бір жылдан кейін соның бесеуі ғана қалады. Ал қазір жағдай өзгеріп келеді, - дейді Серәлі Құсайынов.

Балалар боз кілемде екі минут күреседі. Сол аралықта техникаалық әдіс қолданып үлгеруі тиіс.
9 жасар Глеб Кривогузов жарысқа қатысу үшін Петропавлдан анасы Кристинамен бірге келген.
Оның күреспен айналысып жүргеніне биыл төртінші жыл.
- Күреске бергенімізге өкінген емеспіз. Бұл жерде, ең бастысы тәртіпке үйренді. Баламыздың, жалпы, спортқа қызығушылығы жоғары. «Жас балуан» лигасына да бірнеше рет қатыстық, орындар алдық. Осындай жарыстардың көп болғанын қалаймыз. Ұлымызды үлкен спортта көргіміз келеді, - дейді Петропавл тұрғыны Кристина Кривогузова.

«Жас балуан» лигасында Қытайдан келген үш балуан өнер көрсетпек.
- Біз қазір Петропавлдағы облыстық спорт мектеп-интернатында оқу-жаттығудан өтіп жатырмыз. Бейжіңнен 20 күнге 10-15 жастағы алты тәрбиеленушімді алып келдім. Қазақстанға бірінші рет сапар шектік, жақсы қарсы алды. Барлығы көңілімізден шықты. Тек тамағына әлі үйренісе алмай жатырмыз.
Мұнда спортқа деген көзқарас ұнады. Техникаға аса мән береді екен. Мен де мұны құптаймын.
Өсіп келе жатқан балалардың физикасы екінші орында болуы тиіс.
Қазақстанмен спортта жақсы байланыс орнатқымыз келеді. Бұған дейін қазақстандық спортшылар бізде дайындықтан өтті, енді біз келіп, тәжірибе алмасып жатырмыз, - дейді
Фаншань тәуелді күрес клубының жаттықтырушысы Шиау Нан.
Бұған дейін қазақстандық балуандар халықаралық турнирде 2 күміс медаль алғанын жазған едік.