СҚО-да жасанды интеллектінің көмегімен мектептерде құқық бұзушылықтарға жол берілмеді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының мектептерінде бейнебақылау камераларымен біріктірілген жасанды интеллект жүйесі жұмыс істеп жатыр. 

жасанды интеллект
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

СҚО прокуратурасының мәліметінше, бүгінде бұл жүйе 37 білім беру мекемесіне орнатылған. Бұл прокуратура мен әкімдіктің оқушылардың құқығы мен мүддесін қорғауға бағытталған «Балалық шақтың цифрлық күзетшісі» жобасы аясында қолға алынды. 

— Бұл жүйенің бейнебақылаудан ерекшелігі, ол агрессивті мінез-құлықты тіркейді және ол туралы мектеп әкімшілігі мен прокуратураға хабарлайды. Жасанды интеллект жүйесі арқылы жыл басынан бері кәмелетке толмағандар арасында бес құқық бұзушылыққа жол берілмеді. Қазір студенттердің эмоционалды жағдайын бет әлпеті бойынша анықтайтын технология енгізілмек, бұл стрессті уақытында анықтауға және балаларға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді, — дейді прокуратура өкілдері.

Сондай-ақ мобильді операторлармен бірлесіп тыйым салынған интернет-ресурстарды шектейтін жүйе енгізіліп жатыр, ол бірінші тоқсанның соңында іске қосылады. Кәмелетке толмағандардың қауіпті контентке кіргені анықталған жағдайда ақпарат тексеруге жіберіледі және расталған жағдайда шектеу шаралары қабылданады. Мамандардың айтуынша, бұл жобалар әрбір бала үшін қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын құруға бағытталған.

Бұған дейін СҚО-ның бірнеше ауданында балаға қатысты туыстары тарапынан сексуалды зорлық-зомбылық жасалғанын жазған едік.



Соңғы жаңалықтар