СҚО-да «Жасыл ел» жобасы бойынша 700-ге жуық жас жұмысқа алынбақ

Биыл «Қазақстанның болашағы үшін» қоғамдық студенттер бірлестігі «Жасыл ел» бағдарламасының ойдағыдай өтуіне жауапты. «Қазақстанның болашағы үшін» қоғамдық студенттер бірлестігінің төрағасы Рүстем Армановтың айтуынша, жоба маусым-қазан айында жүзеге асырылады. Биыл 665 адам жұмысқа алынуы тиіс, қазір 339-ы еңбек етіп жатыр.
«Жасыл ел» бағдарламасы бойынша үш жолмен жұмысқа орналасуға болады: орман шаруашылықтары, кәсіпорындар және жастар ресурстық орталықтары.
Орман шаруашылықтарында жұмыс істеген жағдайда жастар 90 мың теңге шамасында еңбекақы алады. Өйткені олар «Жасыл ел» жобасы арқылы ғана емес, орман шаруашылықтарынан да еңбекақы алады. Кәсіпорындарда, мәселен, «Зенченко» ЖШС-де біздің жастарға 70 мың теңге төлейді. Нәтижесінде жауынгерлеріміз қолға 90 мың теңгеден артық алатын болады. Бірақ кәсіпорындарға 18-ге толған жастар ғана алынады. Кей шаруашылықтарға жігіттер ғана керек. Өйткені жұмыс ауыр.
Жалпы жоба 14 пен 35 жастағыларға арналған. Сондықтан біз жасөспірімдерді жастар ресурстық орталығына қабылдаймыз. Мұнда олар экологиялық сенбіліктерге қатысады, жалғызілікті қарттарға қамқорлық жасайды, олардың жұмысы заң бойынша 4 сағаттан аспайды», – дейді Рустем Арманов.

Сонымен қатар тұрмысы төмен отбасыдан шыққан, мүгедектігі бар жастарды жұмысқа орналастыруға да басымдық беріледі.
«Қазір Петропавлдағы жастар ресурстық орталығына 20 жастағы сал ауруымен (ДЦП ауруымен – ред) ауыратын жігіт жұмысқа алынды. Аудандарда да бұл жұмыс жақсы жолға қойылған. Жастарға еңбекақыдан бөлек, сапалы форма да беріледі. Олар: қалпақ, күрте, футболка, кроссовка, шалбар. Киім-кешек айдың соңында немесе тамыз айының басында үлестіріледі.
Бұл жобаның тәрбиелік мәні де зор. Жастар экосенбіліктерге қатысу арқылы өздерінен кейін қоқыс тастамауға үйренеді. Бізге ата-аналар балаларын тапсырғанда «көрсін, ақшаның оңай келмейтінін» деп береді. Әсіресе, қаланың балалары қолмен жұмыс істемейді, сондықтан олар үшін бұл үлкен тәжірибе», – дейді «Қазақстанның болашағы үшін» қоғамдық студенттер бірлестігінің төрағасы Рүстем Арманов.

