СҚО-да жауын-шашын егін оруға мұрсат бермей жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында 4,4 млн га аумақтан астықты жинап алу міндеті тұр. Әзірге тек 500 мың га жуық алқаптан ғана өнім алынды. Жауын-шашын диқандардың қолын жіпсіз байлаған.

СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі күні 440,8 мың га бидай және дәнді-бұршақты дақыл жинап алынса, 762,7 мың га астығы бастырылды. Диқандар әр гектардан 17,3 центнерден өнім алып жатыр.
«Көктем-жазда шаруалар барлық тиісті технологияларды дер кезінде қолданды. Өнімділікті арттыру үшін биыл 256,2 мың тонна минералды тыңайтқыш қолданылды, бұл былтырғыдан 1,2 есе көп. Сондай-ақ тұқымды жаңарту жұмысы жүргізіліп, осылайша 10% ауыстырылды.
Орақ науқанын ойдағыдай аяқтауға күнара жауған жаңбыр кедергі. Қазіргі уақытта бітік шыққан егінді қысқа мерзімде жинап алу үшін барлық шара қолданылып жатыр», - дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Анастасия Харламова.
Орақ науқанына СҚО-да 7 мыңнан астам техника жұмылдырылған. Диқандарға астықты жинауға арзан баға – литрі 250 теңгеден дизель отыны берілді.
Астықты кептіріп, сақтайтын 46 элеватор бар, оның жалпы сыйымдылығы – 3,2 млн тонна. Бұдан бөлек шаруашылықтарда 3,7 млн тонна сыятын 332 астық қабылдау орындары бар.
Бұған дейін СҚО-да 56 жастағы жазасын өтеуші әйел колонияда некесін қидырғанын жазған едік.