21:16, 17 Қыркүйек 2025 | GMT +5
СҚО-да жеке тұрғын үй өртеніп, үш адам мерт болды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Үш адамның өмірін жалмаған өрт Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы Полтавка ауылында болды.
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, үйдің жалынға оранғаны туралы хабар бүгін кешке «112» пультіне келіп түсті.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер бірден аттанғанымен, олар келгенде ғимарат жалындап жанып жатқан. Өрт сөндіру барысында үйден 57 жастағы әйелдің, 44 және 46 жастағы екі ер адамның мүрдесі табылды.
40 шаршы метр аумақты қамтыған өрт толық сөндірілді. Қазіргі уақытта жалынның шығу себебі анықталып жатыр. Өртті сөндіруге 8 маман және 3 арнайы техника жұмылдырылды.
Бұған дейін Алматы облысында қоқыс полигонындағы өртті сөндіруге 120-ға жуық адам жұмылдырылғанын жазған едік.