СҚО-да жеке үйде газ баллоны жарылып, екі адам зардап шекті
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша қаласындағы жеке тұрғын үйде газ баллоны жарылды.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға кеше сағат 18.00 шамасында болған. Тайынша көшесіндегі жеке тұрғын үйде тұрмыстық газ баллоны жарылып, арты өртке ұласқан.
Үйдің иесі, 50 жастағы ер адам және оның 16 жастағы қызы күйік алып, бірден ауруханаға жеткізілді.
– Жағдайлары ауыр, денелерінің 60-70%-ын күйік шалған. Тыныс алу мүшелері күйіп қалған. өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Санавиациямен балалардың және ересектердің реаниматолог, анестезиолог мамандарын алғызып жатыр, - дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.
Сағат 19.30-да өрт толығымен сөндірілді. Оқиға орнында өрт сөндіру қызметі жеке құрамынан 15 адам және 2 техника жұмыс істеді, сондай-ақ мемлекеттік емес өрт сөндіру қызметінен 7 адам, 2 техника жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта осы дерекке қатысты тергеу жүріп жатыр.
Бұдан бір күн бұрын, 9 желтоқсанда осы ауданның Леонидовка елді мекенінде жеке тұрғын үйдің гаражында өрт шығып, гараж және екі жеңіл көлік тұтас жанып кетті.
Өрт сөндірушілер жалынның үйге таралуына жол бермеді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығуына пешті қолдануда өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтамау себеп болған.
Бұған дейін Петропавлда дәрігерлер жас жігіттің жүрегінен темір тікенді алып шыққанын жазған едік.