СҚО-да жыл басынан бері есірткіге қатысты 40-қа жуық дерек тіркелді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда полицейлер есірткі өткізумен айналысты деген күдікке ілінген 39 жастағы тұрғынды ұстады. Ол Жұмысшы кенті аумағында қолға түскен.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, күдіктінің тұрғылықты жерін тексеру барысында тәртіп сақшылары шамамен 75 гр героин тәркіледі. Мамандардың айтуынша, бұл — аса ірі көлемге жатады. Ер адамның өзі есірткіні елордадан алып келгенін мәлімдеген.
Медициналық куәландыру нәтижесінде ұсталған азаматтың опиоидтарды қолданғаны анықталды. Қазіргі уақытта ол қамауда отыр.
Күдікті бұған дейін де ұрлық және есірткі заттарының заңсыз айналымы бойынша сотталған. Енді ол 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұл СҚО-да биылдыққа героинге қатысты анықталған алғашқы дерек. Жалпы, қаңтар айынан бері өңірде есірткіге қатысты 39 факті тіркеліп, заңсыз айналымнан 1600 гр астам түрлі есірткі заттары тәркіленген. Оның 900 гр — синтетикалық есірткі.
Бұған дейін Павлодар облысында заңсыз айналымнан аса ірі мөлшерде есірткі заты тәркіленгенін жазған едік.