СҚО-да жыл соңына дейін 64 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысындағы әрбір екінші гектар ауыл шаруашылығы алқабы пайдаланылмай отыр немесе заң талаптарына сай ресімделмеген.

жер
Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

Бұл туралы «AMANAT» партиясының СҚОФ жанындағы «Жер аманаты» өңірлік комиссиясының отырысында айтылды.

2025 жылдың басынан бері өңірде жалпы көлемі 143,2 мың гектар жер учаскесі тексеріліп, оның 76,7 мың гектары пайдаланылмай жатқаны анықталған. Бүгінде 35,6 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылды, алайда жылдық жоспарды толық орындау үшін тағы 64,4 мың гектарды қайтару қажет. Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Жалғас Сүлейменовтің айтуынша, жерді мақсатсыз пайдаланушыларға ықпал етудің негізгі тетігі – 20 есеге ұлғайылған жер салығы.

- 2025 жылы жүргізілген 72 тексерістің қорытындысы бойынша олқылықты жоюға 48 нұсқама берілді. 20 есеге арттырылған салық мөлшерлемесін қолдану үшін ақпарат Мемлекеттік кірістер департаментіне жолданады. 46 әкімшілік жаза қолданылып, оның ішінде 34 айыппұлдың жалпы сомасы 3 млн 534 мың теңге болды. 7 шаруашылық нұсқамалардан кейін заңбұзушылықтарды жойды, тағы 4 агроқұрылым 2,6 мың гектар жерден ерікті түрде бас тартты. Жыл соңына дейін 100 мың гектар жерді қайтару жоспары ерікті түрде беру және сот шешімдері арқылы толық орындалмақ, - деді Жалғас Сүлейменов.

Уәлиханов ауданында мемлекетке қайтарылуы тиіс 18 мың гектардың тек 10,6% ғана жүзеге асқан. Ал 1,5 мың гектар бойынша құқықтан айыру процесі жүріп жатыр. Аудан әкімінің орынбасары Дархан Бейсембиннің айтуынша, жұмыс үш бағытта қатар жүргізіледі: ерікті түрде қайтару, тіркелмеген жер телімдерін анықтау және сот арқылы қайтару. Дегенмен жер телімдерінің кепілде болуы және кейбір жер пайдаланушылардың облыстан тыс жерде тұруы жұмысты қиындатқан – 19,6 мың гектар жерді иесіз мүлік ретінде тану жоспарланған.

Биыл мәжбүрлеп қайтару аясында жалпы аумағы 2,6 мың гектар жер бойынша екі талап арыз сотқа жолданған. Соның бірі – 2,4 мың гектар жайылым бойынша іс қанағаттандырылды, екінші іс – 192 гектар жерге қатысты – қаралу үстінде.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында инвестор тарту үшін жер мәселесі басты кедергілердің бірі болып отырғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар