СҚО-да жылда шамамен 200 әйелге сүт безі обыры диагнозы қойылады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында биыл 28 адам сүт безі рагынан көз жұмды. 

Алматыда сүт безі қатерлі ісігі бірінші орында тұр
Фото: Денсаулық сақтау басқармасы

Былтыр қауіпті дерттен 41 әйел көз жұмған. 

Аурудың айқын белгілері пайда болғанын күтпей, тұрақты түрде тексеруден өтудің маңызын облыстық онкологиялық диспансер мамандары «Әділет» партиясы облыстық филиалының өкілдері ұйымдастырған кездесуде студент жастарға түсіндірді.

Өңірде рак ауруы өзекті. 2025 жылы сүт безі обыры 205 адамда алғаш анықталса, биылғы тоғыз айда 191 әйел есепке алынды. Қазіргі таңда облыста осы диагнозбен диспансерлік есепте 2470 адам тұр. 

Мамандардың айтуынша, сүт безі обыры әйелдер арасындағы онкологиялық аурулардың ішінде бірінші орында тұр. Ауру жас таңдамайды, жас та, кәрі де ауырады. Сондықтан, денсаулыққа мұқият қарау тек егде жастағы әйелдерге ғана емес, баршаға маңызды.

Кездесуде дәрігерлер ауруды ерте анықтау жағдайына тоқталды. Мамандар ұсынған мәліметтерге сәйкес, ерте диагностика сауығып кету мүмкіндігін үш есе арттырады. Егер обырдың бірінші сатысында өмір сүру көрсеткіші шамамен 80% болса, үшінші сатыда бұл көрсеткіш тек — 30%, ал төртінші сатыда 5% ғана.

— Кейде адам дәрігерге ағзада айқын өзгерістер байқалған кезде ғана жүгінеді. Ал онкологиялық ауру кезінде уақыттың маңызы өте зор. Сондықтан ауырсынуды немесе жалпы жағдайдың нашарлауын күтпей, тұрақты түрде тексеруден өту, өз ағзаңның ерекшеліктерін білу және күмән тудыратын кез келген өзгеріс байқалған жағдайда маманға жүгіну қажет. Диагноз неғұрлым ерте қойылса, дәрігерлердің пациентке тиімді көмек көрсету мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады, — деді дәрігер-онколог Қазыбек Тохтанов.

Ұйымдастырушылар жастар аудиториясын әдейі таңдаған. Кездесудің мақсаты — статистикамен қорқыту емес, денсаулыққа қамқорлық диагноз қойылғаннан кейін емес, одан әлдеқайда ертерек басталатынын түсіндіру.

Іс-шара «Әйелдер өмірі үшін» сүт безі обыры туралы ақпараттандыру жөніндегі республикалық айлық аясында өтті. Оның мақсаты — сүт безі обыры, оның алдын алу және ауруды ерте анықтау мүмкіндіктері туралы халықтың хабардарлығын арттыру.

Бұған дейін Қазақстанда онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін скринингпен халықтың 70-80 пайызы қамтылып жатқанын жазған едік.