СҚО-да жылыту маусымы басталғалы 60 шақты өрт шығып, сегіз адам мерт болды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында мамандар жеке секторды аралап, тұрғындардың пештерін тексеріп жатыр.

СҚО ТЖД
Фото: СҚО ТЖД

СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, рейдтің мақсаты – өрттің алдын алу, қауіпсіздік ережелерін тұрғындардың есіне салу.

Биыл жыл басынан бері облыс аумағында 429 рет өрт шыққан. Салдарынан 27 адам көз жұмды, оның үшеуі – бала. 29 адам жарақат алды. Ал 1 қазаннан бері 58 өрт шығып, осы аралықта 8 адам көз жұмды, келген материалдық шығын - 14 млн теңге.

- Өрттің негізгі себебі – тұрғындардың электр жабдықтарын, жылыту пештерін ұзақ уақыт пайдалануы. Сонымен қатар оны уақытылы тексеріп, жөндемеу. Электр жабдықтарына келетін болсақ, олардың ескіруі, салдарынан сымдарының қысқа тұйықталуы, жабдықтардың қолдан жасалуы. Адамдардың төсекте темекі шегіп ұйықтап қалуы да өртке ұласып жатады. Яғни, тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауы ең басты себеп, - дейді департаменттің инженері Жарас Тұяқов.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері рейдті Петропавл әкімдігі және полиция департаменті өкілдерімен бірлесіп өткізіп жатыр.

СҚО ТЖД
Фото: СҚО ТЖД

- Жеке секторды аралап, пештерін тексереміз. Қазір айлық жүріп жатыр. Сол себепті барлық үйге қатарынан кіріп жатырмыз. Кейбірінің мұржаларын тазалаймыз. Биыл қатер тобына 600-ге жуық тұрғын үй есепке алынды. Бұл үйлерде 24 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Оның 13 мыңы – бала. Осы үйлерге түтін және газ датчиктері орнатылып жатыр, - дейді департаменттің аға инженері Нұрлан Баяхметов.

Мамандар үйлерге жыл басынан екі мыңнан астам көмірқышқыл газы датчигін орнатты, тағы да осындай 250 құрылғыны орнату міндеті тұр.

Бұған дейін Орал қаласында қос қабатты тұрғын үй өртенгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар