СҚО-да жылумен қамтитын 11 кәсіпорынның тұтынушыларына 24 млн теңге берешегі бар
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша табиғи монополиялардың 11 субъектісі 24 мыңнан астам тұтынушыға қарыз екені анықталды.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО бойынша департаментінің басшысы Дамир Тоқтамысовтың айтуынша, тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында жылу беруші компаниялармен бірге қайта есептеу жүргізілді. Бұл – орталықтандырылған жылу желісіне қосылған, алайда үйлерінде арнайы есептеу құралы жоқ тұрғындарға қатысты.
– 2023-2024 жылғы жылу беру маусымы қорытындыланды. Есеп кезінде даладағы нақты ауа температурасы ескерілді. Нәтижесінде 11 табиғи монополия субъектісі 24 млн 136 мың теңгені 24 452 тұрғынға қайтаратын болды. Бүгінге дейін 6 субъекті тұтынушылар алдындағы қарызынан толық құтылды. Қалған бесеуі осы жылдың соңына дейін қайта есептеу жүргізеді, - деді Дамир Тоқтамысов.
Берешектің жартысына жуығы «Севказэнергосбыт» ЖШС-ге тиесілі. Кәсіпорын Петропавлдың 20 380 тұрғынына 11 млн теңгеге жуық қайтаруы тиіс.
– Өңірде 57 табиғи монополия субъектісі бар. Олардың 47-сі тарифтік сметаның орындалуы бойынша 49 және 2023 жылға бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы бойынша 7 есеп берді. Сот арқылы тағы жетеуі тиісті 9 есепті ұсынды.
62 есепті қарау барысында табиғи монополия субъектісінің негізсіз кірісі анықталды. Осыған байланысты 16 компанияға 20 қызмет бойынша тұтынушыларға жалпы сомасы 151 311,45 мың теңгеге уақытша өтемдік тариф енгізілді, - дейді департамент басшысы.
Бұған дейін Петропавлдағы «Биотоған» — сарқынды су жинақтағыш айналасындағы бөгет нығайтылып жатқанын жазған едік.