СҚО-да жол-құрылыс материалдарының әр төртінші сынамасы талапқа сай емес
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері автомобиль жолдарының сапасына 291 рет инспекциялық тексеру жүргізіліп, жол-құрылыс материалдарының 27% нормативтік талаптарға сәйкессіздіктер анықталды.
Жол активтері сапасының ұлттық орталығы СҚО филиалының мәліметінше, мамандар жыл басынан 8 қазанға дейінгі аралықта жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарына - республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға, сондай-ақ қалалар мен елді мекендердің көше-жол желісіне рет барып тексерді.
Оның ішінде 200 тексеру республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында, 39-ы облыстық маңызы бар жолдарда, ал 52-сі аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көше-жолдарында жүргізілді. Тексеру барысында жол-құрылыс материалдарының 1480 сынамасы алынды. Олардың бірқатары белгіленген нормативтік талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды.
Әсіресе, республикалық маңызы бар жолдарда сәйкессіздіктер көп. 1146 сынаманың 264-і нормативтік талаптарға сәйкес келмеді. 163 ақау тіркеліп, оның 129-ы жойылды. Сонымен қатар анықталған сәйкессіздіктерге қатысты 82 сынама бойынша тиісті шаралар қабылданып, кемшіліктер түзетілген.
Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарынан алынған 152 сынаманың 60-ында нормативтік талаптарға сәйкессіздіктер болған. Бұл жолдарда 46 ақау тіркелген. Есепті кезеңде оның екеуі ғана жойылды. Сондай-ақ үш сынама бойынша анықталған олқылықтар түзетілді.
Аудандық жолдар мен көшелерде де кемшіліктер бар. Алынған 182 сынаманың 77-сі нормативтік талаптарға сай болмады. Бұл учаскелерде 45 олқылық анықталды. Алайда мердігер ұйымдар оларды жою жұмыстарын әлі бастамаған.
Мамандардың айтуынша, негізгі кемшіліктер жол-құрылыс материалдарының суға қанығу көрсеткіштеріне және асфальтбетон жабынынан алынған керндердің тығыздалу деңгейіне қатысты.
Мониторинг әлі де жалғасады. Мақсат – кемшіліктерді анықтап, олардың уақытылы жойылуын қадағалау және жол жұмыстарының белгіленген нормативтік талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету.
Бұған дейін Шымкентте тексерілген жол сынамаларының 224-і талапқа сай болмағанын жазған едік.