Шымкентте тексерілген жол сынамаларының 224-і талапқа сай емес
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласында жыл басынан бері автомобиль жолдарының сапасына жүргізілген тексеру кезінде 844 сынаманың 224-і белгіленген талаптарға сәйкес келмеген.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалының мәліметінше, зертханалық тексеруден өткен сынамалардың 546-сы нормативтік талаптарға сай болған. Бұл — жалпы көрсеткіштің 64,6 пайызы. Ал бұған дейін сәйкессіздік анықталған 49 сынама бойынша кемшіліктер жойылған.
Филиал өкілдерінің хабарлауынша, мердігер ұйымдар жол сапасына қатысты ескертулерді жоюға кіріскен.
— Шымкент қаласында биыл жол сапасының талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты қайта төселген автомобиль жолдары жоқ. Қазіргі уақытта мердігерлер анықталған кемшіліктерді жою жұмыстарын жүргізіп жатыр, — деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалының директоры Қанат Жолтаев.
Бұған дейін Шымкентте 2025 жылы сапасыз салынған 170 млн теңгенің жол жабыны мердігер есебінен қайта төселгенін хабарлаған едік.
Сондай-ақ қаладағы 10 көшеде асфальт жабыны шөгіп кеткені туралы жазған болатынбыз.