СҚО-да жол сапасын тексеруге жасанды интеллект қолданылып жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жолшылар биыл республикалық маңызы бар бір мыңнан астам шақырым жолды тексерістен өткізді.
Жол активтері сапасы ұлттық орталығы облыстық филиалының мәліметінше, оның ішінде кепілдік мерзімі өтпеген 315 км жол да бар. Жүргізілген зерттеу жолдардың бірқатарында маңызды параметрлер бойынша ақаулар барын көрсетті. Мәселен, 177 км жолдың тегістігі өте қауіпті деңгейде, 80 км жолдың тайғақтыққа қарсы ілінісу коэффициенті жеткіліксіз болған. Ал 6 км жол жамылғысының серпімділігі төмен болса, 38 км-де ойықтар жол сапасына әсер еткен.
Бұған қоса, орталық мамандары Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның барлық 446 км жолына толық диагностика жүргізді. Қазір жиналған мәліметтер өңделіп жатыр.
Орталық соңғы жылдары жолдарды диагностикалау процесін толық цифрландыруға басымдық беріп келеді. Нәтижесінде заманауи бағдарламалы-өлшеу кешені іске қосылды. Ол жол жағдайын бақылау, деректер жинау және талдау жұмыстарын бұрынғыдан әлдеқайда жедел әрі дәл орындайды.
Орталық инженері Еркен Әбілмәжіновтың айтуынша, бұрын жолдағы әрбір жарық, сызат немесе ойықты мамандар қолмен қарап, белгілеуге мәжбүр болған. Бұл ауқымды уақыт пен күш талап ететін.
— Қазір бізде «SRDS» атты жасанды интеллект негізіндегі жүйе бар. Ол жол жамылғысындағы барлық ақауларды автоматты түрде танып, олардың өлшемі мен ұзындығын өзі есептеп береді, — дейді маман.
Жинақталған ақпарат бірден цифрлық базаға түсіп, әрі қарай Автомобиль жолдары комитетіне жолданатын ресми есептердің негізіне айналады.
Техник Ғалымжан Тұрғыновтың айтуынша, мамандар тек жолдың бетін ғана емес, оның толық инфрақұрылымын да зерттеп, жол құжатын жасайды.
— Біз жолдың геометриясын, жол белгілерінің, сигналық бағаналардың, жол жиегі мен коммуникациялардың орналасуын анықтаймыз. Барлық мәліметті картаға енгізіп, километрлік сызбалар жасаймыз, - дейді ол.
Маманның айтуынша, бұл деректер жол сапасын жақсарту үшін, жөндеу жұмыстарын дұрыс жоспарлау және қаржыны тиімді бөлу үшін маңызды.
Бұған дейін Қостанай өңірінде жол сапасына қатысты 280 кемшілік тіркелгенін жазған едік.