СҚО-да жол жөндеуге бөлінген 87 млн теңгені жымқырды деген күдікпен бұрынғы мердігер ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM- Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы Тимирязев ауданында «Тимирязево – Докучаево» автомобиль жолын орташа жөндеуге бөлінген 87 млн теңге бюджет қаражатын заңсыз иемдену фактісін анықтады.

аудит
Фото: freepik

Прокуратураның хабарлауынша, алаяқтық жасады деген күдікпен мердігер ұйымның бұрынғы басшысы қамауға алынды.

Облыс прокуратурасының мәліметінше, бұл дерек Тимирязев ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметіне жүргізілген тексеру барысында анықталған.

Биылғы 12 қазанда материалдар прокуратураның Ақпаратты есепке алу кітабында тіркеліп, облыстың Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды. Сол күні Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Тергеу барысы облыс прокуратурасының бақылауында.

Осыған дейін Оралда сумен қамту жабдықтарын сатып алу барысында бюджет қаражатын жымқырудың жолы кесілген болатын.