СҚО-да жолға шығып кеткен жылқыны көлік қақты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жеңіл көлік жүргізушісі қараусыз қалып, жолға шығып кеткен жылқыны қағып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да жолға шығып кеткен жылқыны көлік қақты

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға Шал ақын ауданында түнгі сағат 23.00 шамасында болған. «Жезқазған-Петропавл» жолының 796 шақырымында келе жатқан «Ford Maverick» көлігінің алдынан жол шетіндегі ағаш арасынан 5 жылқы атып шыққан. Ақан-Барақ ауылына бет алған 66 жастағы ер адам бірден көліктің тежегішіне басқанымен, жылқының біреуін қағып кетті. Жол-көлік оқиғасында ешкім зардап шеккен жоқ, тек көлікке зақым келді.

Оқиға орнына полицейлер жетіп, бағусыз жүрген жылқылардың жергілікті ЖШС-ға тиесілі екенін анықтады.

Малға жауапты бригадирдің айтуынша, жылқы үйірінен бөлініп кеткен. Оларды қараусыз жібергені үшін бригадирге әкімшілік жаза қолданылды.

«Бос жүрген мал ұрыларға оңай олжа ғана емес, сондай-ақ жолға шығып, жүргізушілерге қауіп төндіреді. Ауданда мұндай оқиғаларға жол бермеу үшін үнемі алдын алу үс-шаралары жүргізіліп тұрады», - дейді Шал ақын ауданы полиция бөлімшесінің басшысы Руслан Мұхамбетжанов.