СҚО-да жоңышқадан түйіршіктелген жем өндірілмек

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстанда жоңышқадан түйіршіктелген жем өндіретін зауыт  салынып жатыр. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі мәлім етті.

СҚО-да жоңышқадан түйіршіктелген жем өндірілмек
Фото: АШМ

Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында ауыл шаруашылығы жануарларына арналған жоңышқадан жем өндіретін зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Жоба «Salar Farm» ЖШС тарапынан «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

Кәсіпорынды 2026 жылдың көктемінде іске қосу жоспарланған. Зауытта жоңышқаны өңдеудің толық технологиялық тізбегі енгізіледі: шөпті жасанды кептіру, престеу және түйіршіктеу.

— Жоңышқаның басты артықшылығы — құрамындағы ақуыз бен протеиннің жоғары болуы. Бұл — премиум санаттағы жем, біз оны Қытай мен БАӘ-ге экспорттауды жоспарлап отырмыз. Жоңышқаны өзіміздің суармалы алқаптарымызда өсіреміз, — деп атап өтті компания директоры Арман Уатаев.

Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы жылына 60 мың тонна дайын өнімді құрайды. Барлық процесс барынша автоматтандырылады.

Жобаның жалпы құны — шамамен 5 млрд теңге.

Соңғы жаңалықтар