СҚО-да жүк көлігінің жүргізушісі әріптестерін бетпе-бет соқтығысудан сақтап қалды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жүргізушілердің қырағылығы мен өзара көмегінің арқасында ауыр жол-көлік оқиғасының алдын алу мүмкін болды.
Әлеуметтік желіде екі жүк көлігінің бетпе-бет соқтығыса жаздаған бейнежазбасы тарады. Боранда «Shacman» жүк көлігінің жүргізушісі жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Оның артында келе жатқан басқа жүргізуші қарсы бағытта «DAF» көлігімен келе жатқан әріптесін рациямен ескертіп үлгерді.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға «Астана - Петропавл» автожолының 395-шақырымында болған. Қарсы қозғалыс жолағына 38 жастағы «Shacman» жүк көлігінің жүргізушісі шығып кеткен. Дер кезінде ескерту нәтижесінде екі жүк көлігі соқтығысудан аман қалды.
Полицейлер жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушіні анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Ер адам ұйытқыған қардан бағытынан жаңылғанын айтқан.
Құбылмалы ауа райына байланысты тәртіп сақшылары профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Рейд тәуліктің ең қауіпті уақыттарында — кешкі сағат 20:00-ден 24:00-ге дейін және таңғы 04:00-тен 07:00-ге дейін жүргізіледі.
- Маусымаралық кезең жақындап келеді, облыс жолдарында боран, көктайғақ, қар құрсауы болуы мүмкін. Біздің мақсат - жазалау емес, жүргізушілерді қауіп-қатерлер туралы алдын ала ескерту. Сондай-ақ жылдамдықты асыру мен көлік жүргізу кезінде телефон қолданудың аса қауіпті екенін еске саламыз, — дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Марат Жұмалиев.
Қаңтар айында СҚО аумағында 26 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 6 адам мерт болды, 36 адам жарақат алды. Оның ішінде 7 апат республикалық маңызы бар автожолдарда болған.
Бұған дейін Жетісуда Үшарал-Достық трассасында бес көлік жол апатына ұшырағанын жазған едік.