СҚО-да жүргізуші куәлігі болмаса да, көлік тізгіндейтіндер саны артқан

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көлік басқару құқығынан айырылған, жүргізуші куәлігі болмаса да көлік тізгіндейтіндер саны азаймай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да жүргізуші куәлігі болмаса да, көлік тізгіндейтіндер саны артқан

Солтүстік Қазақстан облысының аумағында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Полиция ведомствосы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жолы басты назар мас күйде рульге отырған жүргізушілерді анықтауға аударылды.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, жаз мезгілінде көлікті спирттік ішімдік ішіп жүргізетіндердің саны біршама өседі. Мұндай жағдайлар көбіне қала сыртындағы жолдарда анықталып жатады. Адамдар отбасы немесе жолдастарымен жағажайға, орманға дем алуға шығады. Елді мекеннен тыс жерде бір-екі ұрттам сыраның еш қаупі болмас деп ойлайды. Алайда жеңіл масаңдықтың өзі жүргізуші санасының тежелуіне әкеліп соғады, апаттық жағдайдың қаупін арттырады, яғни жолға бірге шыққан жолаушылардың өмірлеріне қауіп төндіреді.

Есіл ауданында медициналық куәландыру кезінде жүргізушілердің бірінен жеңіл масаңдық анықталды. Ол былтыр 3 тамызда масаң күйде рульге отырғаны үшін басқару құқығынан үш жылға айырылған екен. Соған қарамастан, алты күннен кейін тағы спирттік ішімдік ішіп алып көлік жүргізген оны патрульдік полицейлер ұстаған. Жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі 6 жылға дейін ұзартылған, одан басқа 100 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылған. Бір жылға жетер-жетпес мерзім ішінде үшінші рет ұсталған ол енді қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

«Жедел-профилактикалық іс-шараны өткізген 2 күн ішінде масаң күйде көлік басқарудың 25 фактісі анықталды. Сондай-ақ, бұрын басқару құқығынан айырылған 15 адамның және жүргізуші куәлігі жоқ 32 адамның көлік тізгініне отыру фактісі тіркелді. Бұл - жол қозғалысы ережелерін аса өрескел бұзушылық санына жатады, оларды анықтау және алдын алу тұрақты түрде жүргізіледі», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Полицейлердің айтуынша, екі күннің қорытындысы бойынша облыста 1074 түрлі жол-көлік оқиғасы, оның ішінде 122 жылдамдықты асыру, маневр жасауда 26 бұзушылық және бағдаршамның қызыл түсіне өтудің 9 фактісі анықталды.