СҚО-да жыл басынан бері 62 адам Қазақстан құжатын алды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл құжатсыз жүрген 62 адамның құқықтық мәртебесі анықталып, Қазақстан құжатын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тайынша ауданының 27 жастағы тұрғыны құжаттарын ретке келтіруге көмектескені үшін тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.
Келіншек Ресейдің Краснояр өлкесінде дүниеге келген. Ол екі жаста болғанда әке-шешесі Солтүстік Қазақстанға қайтып оралған. Қыздарының құжаттарын дер кезінде дұрыстамағандықтан ол қазір не Қазақстанның не Ресейдің азаматшасы емес.
Аудандық көші-қон қызметі тобының қызметкерлері әйелде басқа елдің азаматтығы жоқ екендігіне көз жеткізіп, оған жеке куәлік істеп берді. Әзірше әйел азаматтығы жоқ тұлға мәртебесімен жүреді. Бес жылдан кейін Қазақстан азаматтығын алуға құқылы.
«Полиция қызметкерлеріне заңды мәртебесі ретке келтірілмеген адамдардың мәселелерін толығымен шешу тапсырылды. Түрлі себептермен аудан тұрғындары уақытында құжаттарын ала алмай қалған. Көпшілігі көшіп-қонуға байланысты, енді бірі отбасылық жағдайларға байланысты құжаттарын уақытында ала алмаған. Көші-қон қызметінің қызметкерлері қолында құжаттары жоқ адамдарға олардың құқықтық мәртебесін қалай реттеуге болатындығын түсіндіріп, ақпарат береді. Күзден бастап, құқықтық мәртебесі реттелмеген адамдарды құжаттандыру акциясы аясында ауданның жеті тұрғының Қазақстан Республикасының азаматтығы расталды. Екі адамның 1974 жылғы үлгідегі паспорты ауыстырылды. Олардың барлығы ҚР азаматтарының жеке куәліктерін алды, одан әрі жұмыс жүргізілуде», - дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлыжан Ақтанов.
Өңірде акция аясында 5 адам азаматтығы жоқ тұлғалардың куәліктерін алды. 38 солтүстікқазақстандық ҚР құжатын алды, жалпы жыл басынан осындай қызмет 62 адамға көрсетілді.