СҚО-да жыл басынан бері камера көмегімен 300-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда жыл басынан бастап жедел басқару орталығынынң видеобақылау камералары 300-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлады СҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
ЖБО қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істейді. Олардың міндетіне полиция кешенді күштерінің жұмысын үйлестіру, видео бақылау камерасының көмегімен қылмыстар мен заң бұзушылықты анықтау және алдын алу жатады.
«Петропавлда 74 сыртқы видеобақылау жүйесі жұмыс істейді. Осы жылы 11 күнде олардың көмегімен 303 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның 220-сы жол жүру қағидасын, 83-і қоғамдық тәртіпті бұзғандар. 3 қылмыстық іс ашылды», - деді ЖБО бастығы Самат Құсбеков.
Полицейлер мысалға дәмханалардан күзен тонын ұрлау фактісін келтіреді. Түнде ЖБО кезекші-инспекторы Гүлмира Дайыршина «Фантазия» дәмханасынан қолына тон ұстаған бойжеткен асыға шығып, оны күтіп тұрған таксиге мініп кеткенін байқаған. Ол мұны жедел топқа хабарлаған.
Бойжеткен дәмханаға келушілердің бірінің тонын ұрлағаны анықталды. Криминалистер саусақ таңбасы бойынша іздеу жүргізіп, 39 жастағы Петропавл тұрғынын ұстады. Ұры қылмысын мойындап, ұрланған затты иесіне қайтарды.
ЖБО қызметкерлері техникалық мүмкіндік қаладағы жағдайды бақылауға үлкен көмек беріп отырғанын атап өтті. Орнатылған камералар күндіз рульде телефон қолданғандарды, жүргізушілердің, жолаушылардың қауіпсіздігін белдік таққан-таппағанын бірден түсіріп алады.
2016 жылы видеокамера көмегімен полицейлер түрлі сипаттағы 19 344 әкімшілік заң бұзушылықты анықтады.